
Бүгін өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Қазақстан Республикасында қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасын әзірлеу және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою әрі олардың пайда болуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ 2025 жылға арналған қызметінің қорытындыларын жария етті.
Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Р.Тукенов Тұжырымдама жобасына енгізілген негізгі проблемалық блоктар мен оларды шешу жөнінде ұсынылған шаралар туралы айтып өтті.
Бүгінгі таңда қалдықтардың 30%-ға дейіні есептілікте көрсетілмейді және бақылау жүйесінен тыс қалып отыр, ал кәсіпорындардың небәрі 10%-ы ғана есептілікті электронды форматта тапсырады.
«Бұл мәселені шешу үшін қалдықтардың барлық түрлеріне толық түгендеу жүргізу, мемлекеттік кадастрды жаңарту, сондай-ақ барлық қалдық түзушілерді ақпараттық жүйеде міндетті түрде тіркеу және саланы жасанды интеллектті енгізе отырып цифрландыру қажет», – деді Р.Тукенов.
Ол сондай-ақ бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымның болмауын, экономикалық ынталандыру тетіктерінің жеткіліксіздігін және қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымының дамымауын атап өтті.
Айта кетейік, Тұжырымдамада мынадай негізгі шешімдер ұсынылады:
- қалдықтарды қайта өңдеу жобаларына ұқсас түрде утилизациялық төлемдер есебінен заманауи тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигондарын салуды қаржыландыру;
- тарифтерді қайта қарау: әр 3 жыл сайын индексациялау және экономикалық тұрғыдан негізделген модельге көшу;
- салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар әзірлеу;
- кеңейтілген өндіруші жауапкершілігі (КӨЖ) жүйесін жетілдіру.
Тұжырымдаманың жеке бағыты ретінде халық пен бизнес арасында қалдықтарды басқару саласындағы жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық мәдениет пен ақпараттандыру деңгейін арттыру көзделген.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Е.Қожиков өз баяндамасында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Оның айтуынша, соңғы жылдары стихиялық қоқыс үйінділерінің санының азаюы бойынша тұрақты оң динамика байқалуда. Мәселен, 2020 жылы 8 мыңнан астам (8884) қоқыс үйіндісі анықталып, олардың жойылу деңгейі небәрі 66% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4886-ға дейін төмендеп, олардың 93%-ы жойылған. Ал 2025 жылы 3828 қоқыс үйіндісі анықталып, жою деңгейі 94%-ды құрады.
Сонымен қатар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне бақылауды күшейту мақсатында министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп ғарыштық мониторингтің қамту аймағын кеңейту және қоқыс тасымалдайтын көліктердің қозғалыс маршруттарын қадағалауға мүмкіндік беретін GPS-датчиктерді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізуде.
Бүгінгі таңда «Жасыл даму» АҚ экологиялық салада бірқатар негізгі функцияларды атқарып келеді. Атап айтқанда, ол парниктік газдар шығарындылары саудасы жүйесінің операторы және сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі оператор болып табылады.
«Утилизациялық төлемдерден түскен қаражат Экологиялық кодекстің 388-бабына қатаң сәйкес жұмсалады, онда қаражатты пайдалану бағыттары нақты айқындалған», – деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Н. Қабдолданов.
Барлық ақпарат қаржылық есептілік депозитарийінде және қоғамның корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылады.