Қазақстан мен Жапония қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Жапония қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

2025 жылғы 17-20 желтоқсан аралығында өткен Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары барысында қоршаған ортаны қорғау, климаттық зерттеулер және орман өрттерінің алдын алу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 18 желтоқсанда қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Жапонияның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді.

2025 жылғы 20 желтоқсанда Жапонияда өткен бизнес-форум аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Чуо университеті (Жапония) арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат заманауи ғылыми және технологиялық шешімдерді қолдану арқылы парниктік газдар шығарындыларын зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Сол күні авиациялық жүйелерді пайдалана отырып, орман өрттерін мониторингтеу және сөндіру бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыруға бағытталған «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мен «Fitech Co., Ltd.» жапон компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған құжаттарға қол қойылуы екі елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты дамуды ілгерілетуге бейілділігін растайды.