Экология және табиғи ресурстар салаларындағы цифрлық жобалар

Экология және табиғи ресурстар салаларындағы цифрлық жобалар

Экология және табиғи ресурстар салаларында цифрлық жобаларды енгізу туралы бүгін брифинг барысында Экология вице-министрі Нұрлан Құрмалаев мәлімдеді.

Алғашқы жоба – Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі. Бұл – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, экологиялық қордың бүкіл инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ететін және мемлекет, табиғат пайдаланушылар мен қоғам арасындағы толық өзара іс-қимылды жүзеге асыратын көпфункционалды платформа. Платформаның негізгі бағыты – экологиялық мониторинг жүргізу, сондай-ақ барлық экологиялық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Вице-министр атап өткен келесі жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласын цифрландыруға бағытталған. Бұл бағытта Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп цифрлық шешімді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды: ҚТҚ инфрақұрылымының цифрлық картасы қалыптастырылып, цифрлық маршруттар әзірленді, қоқысты шығару фактісін нақты уақыт режимінде растау процесі цифрландырылды. Нәтижесінде пилоттық аумақтарда қоқыстың кепілді түрде шығарылуы қамтамасыз етіліп, халық тарапынан түсетін шағымдар азайды.

Сондай-ақ EcoQolday жүйесінің енгізілгені атап өтілді. Бұл – елдегі қалдықтарды мониторингтеу, есепке алу және басқаруды қолдау үшін құрылған цифрлық ақпараттық жүйе мен мобильді қосымша. Жүйе қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беріп, заманауи экологиялық саланың дамуын ынталандырады.

«Бүгінгі таңда платформа арқылы шамамен 50 мың тонна қалдық жиналып, қайта өңдеуге жіберілді, 830 млн теңге төленді», – деп атап өтті вице-министр.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында халық үшін Telegram чат-боты іске қосылды. Ол арқылы тұрғындар экология және абаттандыру мәселелері жөнінде қарапайым тәсілмен хабарлай алады. Аталған сервис 20 санат бойынша өтінімдерді қабылдауға мүмкіндік береді (қоқыс жинау, заңсыз қоқыс үйінділері, көшелер, саябақтар және өзге де қоғамдық кеңістіктерге қатысты мәселелер).

Бүгінгі таңда чат-бот мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құралына айналып, кері байланыстың сапасын арттырып, экологиялық ортаны жақсарту бойынша шараларды қабылдауды жеделдетті.

Сондай-ақ «Tabigat.gov.kz» табиғи ресурстардың интерактивті картасын енгізу туралы айтылды. Бұл – ғарыштық мониторингті қолдана отырып, еліміздің экологиялық жағдайы мен табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ақпарат ұсынатын геоақпараттық платформа.

Баяндамасының қорытындысында вице-министр орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің енгізілуі, сондай-ақ киік дериваттары мен ағаш материалдарын таңбалау жобалары туралы мәлімдеді.

Айта кетейік, таңбалау және қадағалау жүйесі – тауарлардың заңды шығу тегі мен олардың айналымының барлық кезеңдеріндегі қозғалысын бақылауды қамтамасыз ететін цифрлық құрал.

Киік дериваттары мен ағаш материалдарын таңбалау заңсыз айналым мен көлеңкелі нарықты қысқартуға мүмкіндік беріп, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады.