
Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрлігінде жылдың қорытындылары шығарылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша оң динамикаға қол жеткізілді: 2022 жылмен салыстырғанда еліміздегі ірі кәсіпорындар бойынша нормативтік шығарындылар көлемі 148 мың тоннаға немесе 7,2%-ға төмендеді. Эмиссиялардың азаюы ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҮҚТ) енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу есебінен қамтамасыз етілуде.
Деректердің ашықтығы мен бақылауда автоматтандырылған мониторинг жүйелері (АМЖ) маңызды рөл атқарады. Бүгінде кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы туралы деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр.
Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. 2024 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6%-ға дейін өсті.
Осылайша, утильалым қаражаты есебінен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданып, олардың 22-сі 89,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды (жалпы 185 млрд теңге қарастырылған). Бұл жобалар қоқыс тасымалдау техникасын, сұрыптау және қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын қамтиды. Жоспарланған жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Ішкі істер органдарымен бірлескен рейдтер барысында 3 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 3 827 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 3 464-і немесе 91%-ы жойылды.
Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалпы сомасы 293 млрд теңгені құрайтын инвестициялық келісімдер аясында үш қоқыс жағу зауытын салу жоспарлануда. Құрылыс мерзімі – 2-3 жыл.
Қазақстан Париж келісімінің тарапы және БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының қатысушысы ретінде 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту жөнінде міндеттеме алған. Бүгінгі таңда Үкімет 2035 жылға қарай шығарындыларды 17%-ға қысқартуды көздейтін Жаңартылған ұлттық үлесті (ЖҰҮ–3.0) мақұлдады.
Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы толық көлемде орындалды: 2021-2025 жылдары 18,1 млн ағаш отырғызылды.
Сондай-ақ, 2 млрд көшет отырғызу жөніндегі тапсырманың іске асырылуы жалғасуда. 2021-2025 жылдары барлығы 1,5 млрд көшет егілді. Келесі жылы 208 млн. астам көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Министр атап өтті: «Біз тек орман отырғызу көлемін арттырып қана қоймай, қолданыстағы ормандарды өрттен қорғауды күшейтіп жатырмыз. 2025 жылы орман және табиғатты қорғау мекемелері үшін 355 бірлік өртке қарсы техника сатып алынды. Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 697 бірлік өртке қарсы техника жеткізіледі. Келесі жылы еліміздің 11 өңіріндегі орман шаруашылықтарын техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету толық аяқталады.
Өртті ерте анықтау жүйесі 1,6 млн гектар аумақта енгізіліп, қамту көлемі 2,2 млн гектарға жеткізілді. Келесі жылы жүйе кеңейтіледі. Осылайша, 2026 жылдың соңына дейін өрт қаупі жоғары 5,4 млн гектар орман алқабы жүйемен қамтылады».
2026 жылдың басында еліміздің бес өңірінде жабық тамыр жүйесі бар отырғызу материалын өсіруге арналған, жылына әрқайсысы 6 млн дана көшет өндіретін 6 питомник салу жоспарлануда.
2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанында 920 мың гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады.
Қазалы қаласында жылына 3 млн. көшет өндіретін питомник салынды, сондай-ақ құрғаған теңіз табанында жаңа питомник құрылысы жүргізілуде. Қызылорда облысында ҚазОРҒЗИ филиалы құрылып, 1,3 млн гектардан астам аумақты қамтитын «Арал ормандары» табиғи резерватын құру шаралары қабылдануда.
Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Қазіргі уақытта Министрлік Каспий маңы елдерімен бірлесіп Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу мәселесін пысықтауда.
Сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстардың күшейтілгені атап өтілді. Елімізде арқар, қарақұйрық, құлан, тоғай бұғысы сияқты сирек кездесетін жануарлар саны артып келеді. Тұран жолбарысын және Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда.
Прага қаласының зообағымен бірлесіп 2024-2025 жылдары Қазақстанға 14 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. 2026 жылдың маусым айында тағы 7-8 бас жылқы әкелу жоспарлануда. Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Ресей Федерациясымен жасалған уағдаластыққа сәйкес, 2026 жылы Қазақстанға 3-4 жолбарыс әкелу күтілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Аталған бастама аясында биыл 6,4 млн. адамның қатысуымен 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді: 1 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 795 мың тонна қалдық жиналды, 2,8 млн ағаш отырғызылды.
Азаматтарды тарту мақсатында @TazaQazBot чат-боты іске қосылды. Оған 25 мың өтініш түсіп, оның 23,6 мыңы орындалды. Бұл құрал кері байланыс тетігі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Есептің соңында Е.Нысанбаев 2026 жылы Қазақстан климаттық және экологиялық сын-қатерлер бойынша келісілген шешімдер әзірлеу мақсатында Орталық Азия елдерінің өңірлік экологиялық саммитін өткізетінін атап өтті. Саммит қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының декларациясы және 2026-2030 жылдарға арналған Іс-қимыл бағдарламасын қабылдау жоспарлануда.