Шығыс Қазақстан облысында экологияның өзекті мәселелері талқыланды

Шығыс Қазақстан облысында экологияның өзекті мәселелері талқыланды

Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі болғандықтан экологиялық мәселелері жергілікті халықтың жоғары қызығушылығын тудыратына мәлім. Бұл мәселелер ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевпен кездесудің басты тақырыбы болды.

Өңірде қауіптіліктің бірінші санатындағы 67-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері: «Қазмырыш» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Өскемен ЖЭО» АҚ, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС және т.б. Ірі кәсіпорындардың үлесіне шығарындылардың жалпы көлемінің 62,5%-ы келеді. Бұл ретте, 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда облыста шығарындылар көлемі 2 мың тоннаға (1,5%) төмендеді.

Қоршаған ортаға теріс әсерді одан әрі азайту үшін 20 кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйелерін (АЖМ) орнату көзделген. Бүгінгі таңда сондай 10 жүйе енгізіліп, деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр.

«Шығыс Қазақстан облысының 2023-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешудің Жол картасын» іске асыру жалғасуда. Құжатқа енгізілген 66 іс-шараның 40-ы орындалды.

Кездесу барысында қалдықтарды басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. ҚТҚ-ның 165 полигонының тек 21-і ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді (12,7%). 2025 жылдың 9 айында 186 заңсыз полигон анықталды, оның 111-і (59%) жойылды. Экология министрлігі саланы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде: кәдеге жарату алымдары есебінен «Эко-Қолдау» бағдарламасы бойынша төлемдер жаңартылды, өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Сондай-ақ қалдықтарды басқару саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді.

Өткен жылдың желтоқсан айында әкімдік 43 іс-шараны қамтитын «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын бекітті. Оның аясында @TazaQazBot телеграм-чат-боты іске қосылды.

Кездесу барысында Жомарт Әлиев өңірді көгалдандыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және жануарлар дүниесін қорғау мәселелерін де қозғады.

Іс-шара аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг және азаматтарды жеке қабылдау өтті.