
Самарқандта өткен CITES CoP20 аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өзбекстан Республикасының Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетімен бірлесіп «Киік: қатаң қорғаудан тұрақты пайдалануға дейінгі жаңа сын-талаптар» атты параллельді іс-шара өткізді.
Сессия халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылығын тудырды: қатысушылар саны күткеннен екі есеге асып, шамамен 130 адамға жетті.
Басты назарда - Қазақстанда киіктің сәтті қалпына келуі, оның саны 2025 жылы шамамен 5 млн. дараққа жетті. Сонымен қатар, түрді сақтау бойынша табыстың кері жағы жаңа экологиялық және әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер болып табылады.
Шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев:
«Бүгінде жаңа сын-қатерлер киіктердің көптігімен байланысты. Бұл - киік популяциясы мен агроөнеркәсіп секторы арасындағы шиеленіс. Соңғы бес жылда мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер үй малы мен киіктер арасындағы жайылым үшін бәсекелестікті атап өтті. Дәнді дақылдарды өндірушілер төлдеу және маусымдық көші-қон кезеңінде өсірінділерді тіркейді.
Бұл жағдайлар әсіресе үлкен табындар шектеулі аумақтарда шоғырланғанда өткір болады. Біз бұл жағдайға көз жуму мүмкін емес деп есептейміз.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы жүйе құраушы рөл атқарады, атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін, өңірлерде жұмыспен қамтуды, шикізаттық емес экспортты дамытуды, жер және су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз етеді. Бұл қақтығысты елемеу бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін.
Сондықтан да Қазақстан үшін жаңа кезең - күзет шараларынан киікті тұрақты пайдалану моделіне көшу басталды. Бұл санды бақылаудың ғылыми негізделген әдістерінен бастап дериваттарды пайдаланудың ашық, заңды және бақыланатын жүйесін құруға дейінгі мәселелердің кең ауқымын қамтиды».
Қазақстан киік популяцияларын басқарудың ғылыми негізделген тәсілін алға жылжытуда, оның ішінде CITES қағидаттарына сәйкес келетін бақыланатын орнықты пайдалану моделіне, биологиялық әртүрлілік жөніндегі жаһандық негіздемелік бағдарламаның бесінші міндетіне және басқа да халықаралық Конвенцияларға көшу. Бұл мәселеде киік дериваттарын таңбалау мен сандық қадағалаудың ұлттық жүйесі маңызды құрал болып табылады.
Түрдің көші-қон сипатын ескере отырып, Өзбекстанмен трансшекаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Өзбекстан Республикасының Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Ж.Қазбеков кіріспе сөзінде киіктің браконьерлік пен заңсыз сауданың салдарынан жойылып бара жатқан көне және бірегей түр екенін атап өтті:
«Өзбекстан Үстірт популяциясын тұрақты басқаруға мүдделі. Біздің экожүйелер өзара байланысты, біздің далалар мен шөлдер біртұтас табиғат ландшафтын құрайды, демек, біздің жауапкершілігіміз де ортақ. Бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан көші-қон бағыттарының мониторингінен бастап, патрульдеу, мәліметтер алмасу, браконьерлікпен күрес жөніндегі зерттеулер мен шараларға дейінгі тығыз екіжақты ынтымақтастықты жүргізуде. Біз мұны ортақ мүдделер мен ортақ табиғи жауапкершілікке негізделген стратегиялық серіктестік ретінде қарастырамыз».
Сонымен қатар, Қазақстан ұйымдастырған қатар іс-шараға АҚШ делегациясының басшысы, АҚШ Балық және жабайы табиғат қызметінің директоры (U.S. Fish and Wildlife Service) Брайан Несвик қолдау білдірді. Ол былай деді:
«Ең алдымен сіздерді қалпына келтірудегі жетістіктеріңізбен құттықтаймыз - бұл шынымен де тамаша табыс тарихы. Ол жабайы табиғатты сақтау оның жауапты басқаруымен тиімді үйлесетінін көрсетеді».
Іс-шара соңында халықаралық ұйымдар мен CITES-ке қатысушы елдерден келіп түскен барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.
Бұл түсініктемелер киік дериваттарына нөлдік экспорттық квотаны алып тастау туралы Қазақстанның өтініміне қатысты елдердің ортақ түсінігін нығайтып, оның ғылыми негізділігін, ашықтығын және халықаралық талаптарға сәйкестігін атап көрсетті.