Қазақстан бойынша 2025 жылғы желтоқсан - 2026 жылғы ақпанға, 2026 жылғы наурызға арналған ауа райының консультативтік болжамы

Қазақстан бойынша 2025 жылғы желтоқсан - 2026 жылғы ақпанға, 2026 жылғы наурызға арналған ауа райының консультативтік болжамы

Бүгін «Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша алдағы 2025 жылғы желтоқсан – 2026 жылғы ақпан, наурызға арналған ауа райының консультативтік болжамына арналған баспасөз брифингін өткізді.

Қазгидромет» РМК алдын ала болжам бойынша республиканың басым бөлігінде қыс мезгілі қоңыржай жылы болады деп күтіледі, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстары, тұман, мол жауын-шашынның түсуі болжанады.

Қыс айларында ауа температурасының ауытқуы жиі байқалады, яғни «температуралық кұбылулар» күтіледі, жылы күндер суық аязды толқындармен алмасады.

Жалпы, желтоқсан айы жылы, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп күтіледі.

Жауын-шашын елдің басым бөлігінде, бұрқасынмен, дауылды желмен, көктайғақпен және тұманмен күтіледі, оңтүстік циклондардың әсерінен кей күндерде аралас жауын-шашын, яғни ылғалды қар, жаңбыр түрінде түсуі мүмкін.

Антициклонның әсерінен жекелеген кезеңдерде жауын-шашынның тоқтауы болжанады, яғни ашық аязды күндер орнығады.

Желтоқсандағы ең қарқынды суық толқын бірінші онкүндіктің соңында күтіледі - елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы түнде 23-28 аязға, күндіз 13-18 аязға дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші және үшінші онкүндіктерде түнде температуралық фон 15-20 аяздан 5-10 аязға дейін, күндіз 3 аяздан-2 жылыдан 5-10 аязға дейін, шығыста - кейбір күндері ауа температурасы түнде 25-35 аязға дейін, күндіз 15-20 аязға дейін төмендейді.

Батыста және елдің оңтүстік жартысында айдың басында температураның жоғарылауы күтіледі - күндіз 5-10 жылы, бірінші онкүндіктің соңында ауа температурасының түнде 12-17 аязға, күндіз 3-8 аязға дейін біртіндеп төмендеуі болжанады. Содан кейін ауа температурасының түнде 0-5 аяздан 7-12 аязға дейін ауытқуы күтіледі, күндіз 0-8 жылы шамасында күтіледі.

Қаңтар айында ауа температурасы

Республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында; республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады.

Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп күтіледі.

2026 жылдың ақпан және наурыз айлары жылы болады деп күтілуде, жауын-шашын мөлшері қалыпты, тек наурызда республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында)

Қорытындылай келе, қатты жауын-шашынның түсуіне және қардың еру кезеңдерімен аязды ауа райының жиі өзгеруіне байланысты топырақта және қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болатынына ерекше назар аударамыз.

Мұның бәрі 2026 жылғы су тасқыны кезеңінің өтуіне кері әсер етуі мүмкін.