
2025 жылдың 14 қарашасында Бразилияның Белен қаласында Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Рамалық конвенциясы Тараптары конференциясының 30-сессиясы шеңберінде Жапония павильонында климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған инновацияларға бағытталған параллель іс-шара өтті.
Сессия Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Жапонияның Қоршаған орта министрлігі, Моңғолияның Қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігі және Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар климаттық мониторингтің ашықтығы мен деректер сапасын арттыру мақсатында GOSAT спутниктік деректерін және заманауи цифрлық құралдарды пайдалану әлеуетін, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайту жобаларының тиімділігін бағалау тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ Орталық Азия мен Моңғолия елдерінде «жасыл» өтуді жеделдетуге мүмкіндік беретін жасыл технологиялардың, MRV тетіктерінің және инвестициялық құралдардың рөліне ерекше назар аударылды.
Қазақстан, Жапония, Моңғолия, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері тәжірибе алмасып, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын растады. Спутниктік деректерді, инновациялық бағалау әдістерін және қаржылық шешімдерді біріктіру климаттық саясаттың ашықтығын күшейтіп, орнықты даму жөніндегі жаһандық мақсаттарды ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.