Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы туралы

Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы туралы

Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ өкілдері қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы өзекті мәселелерге арналған Respublica партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты.

Өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Құрмалаев қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыру, полигондарды ретке келтіру, инфрақұрылымды дамыту және заңнаманы жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ коммуналдық қалдықтардың түзілу көлемі, қайта өңдеу деңгейі, экологиялық мониторинг деректері, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғаларға қатысты ақпарат және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін салынған айыппұлдар бойынша мәліметтер ұсынылды.

Кеңейтілген отырыс барысында қалдықтарды басқару саласына инвестиция тарту, ТБО полигондарын дамыту, иесіз қауіпті қалдықтарды басқару мәселелері көтерілді. Министрлік ауылдық полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдету мақсатында Экологиялық кодекске өзгерістер әзірлегені, құжат қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында екені атап өтілді.

Сонымен қатар, Министрлік 2026–2030 жылдарға арналған барлық түрдегі қалдықтарды басқару тұжырымдамасын әзірлеуде. Тұжырымдама бірыңғай қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін құруды және цифрлық мониторингті енгізуді көздейді.

Мемлекет Басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасының орындалуына ерекше назар аударылды. Осы бағытта утилизациялық төлем есебінен жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жыл мерзімге және екі жылға дейінгі жеңілдікті кезеңмен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі бекітілді.

Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша Министрлік қалдықтарды басқару саласында жобаларды іске асыруды, бақылауды және заңнаманы жетілдіруді кешенді әрі экологиялық қауіпсіз жүйеге көшу мақсатында жалғастыратыны атап өтілді.