
Арал теңізінің құрғаған табанында (АТҚТ) орман-мелиорациялық жұмыстардың күзгі кезеңі басталды. Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл алқаптарын құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілуде.
Арал теңізінің құрғаған табанының ауданы 6 млн гектарды құрайды, оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Орман мелиорациялық іс-шаралар шаң әсерін азайтуға, тозған жерлерді қалпына келтіруге және орнықты экожүйелерді қалыптастыруға бағытталған.
2021 жылдан 2025 жылға дейін АТҚТ-да 792 мың га алқапта орман-мелиорациялық жұмыстар орындалды (2083,4 т. сексеуіл/галофит өсімдіктерінің тұқымдары және 48,7 млн. дана сексеуіл көшеттері отырғызылды), оның ішінде:
- 2021 жылы - 101 мың га;
- 2022 жылы - 250 мың га;
- 2023 жылы - 194 мың га;
- 2024 жылы - 127 мың га.
2025 жылы Орман шаруашылығы комитеті Арал теңізінің құрғаған табанында 340,9 мың гектар алқапта орман мелиорация жұмыстарын жүргізбек. Ағымдағы жылдың көктемінде 120 мың гектар алқапқа тұқым себіліп, 11,8 мың гектар жерге көшет отырғызылды.
Бұдан басқа, көктемде облыс деңгейінде орындалған 13 250 гектар (4 млн дана өсімдік) алқапта өсімдіктердің жерсінуі төмен жерлерде қосымша отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта облыс деңгейінде 100 мың гектар (102 млн дана) алқапта орман өсіру жұмыстары жүргізілуде, оның 15 мың гектары - сексеуіл көшеттерін отырғызу (4,5 млн дана).
Бүгінгі таңда орман шаруашылығының уақытша тұқымбақтарынан 4,3 млн сексеуіл көшеті (95,6%) қазылып, 8 мың гектар алқапта оларды отырғызу жұмыстары аяқталды.
Дүниежүзілік банк қаржыландыратын жобаны іске асыру аясында АТҚТ-да отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету үшін Қазалы қаласында ауданы 33 гектар тұқымбақтың құрылысы аяқталды. Жоба бойынша АТҚТ-да жылына 3 млн. дана көшет отырғызу үшін сексеуіл мен галофит бұталарының көшеттері өсірілетін болады.
Сондай-ақ, Министрлік ғылыми сүйемелдеумен Арал теңізінің құрғаған табанында жаңа тұқымбақ құруды жоспарлады. Бұл тұқымбақтан алынатын көшеттер аридтік жағдайларға неғұрлым бейімделген болмақ, яғни отырғызу материалдарының сапасы артпақ.
Қазіргі уақытта тиісті жер таңдалып, онда ұңғыма бұрғыланды (тереңдігі 500,0 метр), контейнерлік модульдер дайын, жабдықтар сатып алынды. Тамшылатып суаруды қамтамасыз ету үшін тереңдігі 500 м ұңғымаларды бұрғылау аяқталды.
Орман екпелерін қорғау, көрсетілген жұмыстарды жалғастыру, биологиялық әртүрлілікті сақтау және дамыту үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жанынан «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесін құру жоспарлануда.