
Іс-шара Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) және БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) «Албания, Армения және Қазақстандағы тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясының міндеттемелерін орындаудың Ұлттық жоспарына шолу және жаңарту» бірлескен жобасын іске асыру шеңберінде өткізілді.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Алиев Жомарт Шияпұлы, «Жасыл Даму» АҚ, бейінді министрліктер мен ведомстволардың, сондай – ақ халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ФАО, БҰҰДБ, Чехия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің және үш Конвенция-Базель, Роттердам және Стокгольм хатшылығының өкілдері қатысты.
Бұған дейін жоба аясында 2025 жылғы 4 маусымда ұлттық кіріспе кеңес, 2025 жылғы 3 қыркүйекте түгендеу нәтижелерін валидациялау бойынша кездесу өтті. Ағымдағы кеңес оны бекіту мақсатында Стокгольм конвенциясы бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындаудың жаңартылған Ұлттық жоспарын талқылауға және бекітуге арналған.
Жаңартылған ұлттық жоспарды қабылдау химиялық заттар мен қалдықтарды басқарудың ұлттық жүйесін нығайтуға ықпал етеді, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырады, сондай-ақ Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтады.