“Қазсушар” РМК-де жемқорлыққа қарсы күрес заңнаманың жаңартылған нормалары талқыланды. Шараға жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі Нұр-Сұлтан қалалық Департаменті өкілдері, кәсіпорынның Бас директоры Арман Қасенов және бейнеконференц байланыс арқылы барлық өндірістік филиалдар мен су каналдары өкілдері қатысты.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің Нұр-Сұлтан қалалық Департаментінің жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бүгінгі таңда 3 кодекс пен 10 Заңға өзгеріс енгізілген.
“Жемқорлыққа қарсы заңнамада маңызды нормалар қабылданды. Бірінші жетекшілердің жемқорлық туралы ескертпегені үшін жауапкершілігі күшейді. Бұл үшін дисциплинарлық жауапкершілік қарастырылған. Тұрақты түрде қызметкерлерге түсіндіру лекциялары мен семинарлар өткізіп тұру керек. Бұдан бөлек, жемқорлық тәуекелдері бойынша сараптамалар жүргізу қажет. Бұл профилактика үшін өте маңызды”,- деп атап өтті Жазира Жылқышиева.
Оның сөзі бойынша, жемқорлық шектеулерін қабылдаған тұлғаларға сыйлық алуға толық тыйым салынған. Спикер жемқорлық құқықбұзушылыққа жауапты тұлғалардың саны көбейгенін де жеткізді. Енді оған бірінші жетекшілерден бөлек, мемлекеттік сатып алуға жауапты құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері де кіреді.
“Қазсушар” РМК Бас директоры жиын барысында кәсіпорында жемқорлық профилактикасы бойынша өткізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
“Біздің кәсіпорынның қызмет аясы интенсивті және олар кең саланы қамтиды. Бүгінгі кездесуге ел аумағындағы барлық қызметкерлерімізді қатыстырып отырмыз. Себебі бұл шараны өте маңызды деп білеміз. Жемқорлыққа қарсы заңның жаңарған нормаларын бәрі білуі тиіс деп есептейміз. Біз профилактикалық шараларды күнделікті қабылдаймыз, аталған нормалардың орындалуын қатаң қадағалаймыз. Жалпы айтқанда, бұл бағыттағы жұмыс күшейеді”,- деді Арман Қасенов.
А. Қасеновтың пікірінше, аталған жұмысқа кәсіпорындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын “Адалдық алаңы” жобалық кеңсесі оң әсерін тигізеді.
Шара соңында Жазира Жылқышиева барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жемқорлыққа қарсы күресте оң нәтижеге тек бірлесіп күш салғанда ғана жетуге болатынын атап өтті.