Фин бизнес-делегациясымен кездесу

Фин бизнес-делегациясымен кездесу

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Құрмалаев Финляндия Республикасының Президенті А.Стуббтың ресми сапары аясында Қазақстанға келген фин бизнес-делегациясымен кездесу өткізді.

Фин бизнес-делегациясының құрамына «Confederation of Finnish Industries EK», «EastCham Finland», «Lamor Corporation», «EPSE», «Finnish Water Forum», «Kesla» және «Ponsse» сияқты компаниялар мен ұйымдардың өкілдері кірді.

Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде орман шаруашылығы, гидрометеорология, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды басқару салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Вице-министр Н.Құрмалаев гидрометеорология саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, фин тарапымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде елімізде атмосфералық ауа сапасын бақылау және болжау үшін заманауи SILAM жүйесінің қолданылатынын атап өтті.

Өз кезегінде, фин компанияларының басшылары өздерінің инновациялық жобаларымен таныстырып, орманды рационалды пайдалану және қорғау, сондай-ақ орман өрттерінің алдын алу және сөндіру үшін озық технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.

Қазақстан тарапы фин тарапымен орман шаруашылығын жүргізуде, атап айтқанда ормандарды қалпына келтіру, өсіру және түгендеу, сондай-ақ ағаш өңдеу бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өз ниеттерін растап, экология мәселелері бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.