
2025 жылғы 27-29 қазанда Сеул қаласында (Корея Республикасы) Орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымы (AFoCO) Ассамблеясының он үшінші сессиясы өтуде.
Сессияға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев қатысуда.
AFoCO Азияның 16 елін біріктіреді және өңірдегі ормандарды қорғау, қалпына келтіру және орнықты пайдалану жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды дамытуға бағытталған. Қазақстан 2019 жылдан бастап ұйымның мүшесі болып табылады.
Сессияда 2026 жылға арналған жоспарлар мен бюджетті бекіту, болашақ жобалар және 2024-2030 жылдарға арналған AFoCO стратегиялық жоспарын іске асыру мәселелері талқыланды.
2025 жылдың тамыз айында Қазақстанда AFoCO ұйымымен бірлесіп және Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өткізілген құрғақ аймақтардағы орман өрттерін сөндіру бойынша нұсқаушыларды даярлау тренингінің (TOTFFS) табысты нәтижелері ерекше атап өтілді.
Бұдан басқа, Қазақстан орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша Орталық Азия елдері үшін Өңірлік оқу орталығын құру жөнінде бастама көтерді.
Бастама мамандардың кәсіби біліктілігін дамытуға және өңір елдері арасында тәжірибе алмасуға бағытталған. AFoCO хатшылығы бұл ұсынысты қолдады.
Сессия барысында сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылды нығайту, тозған экожүйелерді қалпына келтіру және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстанның AFoCO жұмысына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, алдыңғы қатарлы тәжірибе алмасуға және орман шаруашылығы саласындағы ұлттық жобаларды іске асыру үшін қолдау тартуға ықпал етеді.