
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) елімізде Жасыл климат қоры тарапынан ұлттық тікелей қатысу ұйымы (Direct Access Entity) ретінде аккредитация алған алғашқы қаржы институтына айналды.
Жасыл климат қоры – әлемдегі ең ірі халықаралық климаттық қаржы институттарының бірі. Қордың негізгі мақсаты – дамушы елдерге климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту шараларын жүзеге асыруда, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға көшу ісінде қолдау көрсету.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚДБ-ны Жасыл климат қорының аккредитациясына 2024 жылдың қаңтар айында ұсынған болатын. Осы уақыт ішінде Банк қордың талаптарына сәйкестену және төмен пайыздық қаржыландыруды тарту арқылы климаттық жобаларды іске асыруға жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс жүргізді.
– Қазақстанның Даму Банкі Жасыл климат қорына тікелей қатысуға аккредиттелген алғашқы ұлттық ұйым болды. Бұл еліміз үшін ерекше маңызға ие, себебі енді ірі экологиялық және климаттық бастамаларды тікелей қаржыландыру мүмкіндігі пайда болады. Аккредитация тұрақты жобаларға инвестиция тартуға, жылу ұстайтын газдар шығарындыларын азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және климаттық өзгерістерге бейімделуге жол ашады, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
ҚДБ-ның аккредитациясы – Банктің тұрақты қаржыландыру, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару саласындағы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін мойындау. Бұл мәртебе Қазақстанға ұлттық қаржы институты арқылы Жасыл климат қорының ресурстарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік беріп, тұрақты даму жобаларына инвестиция тартудың жаңа көкжиегін ашады.
– Қазақстанның Даму Банкінің Жасыл климат қорының аккредиттелген ұйымдары қатарына қосылуын қуана қарсы аламыз. Елден шыққан бірінші тікелей қатысу институтының аккредитациясы жаңа серіктестік мүмкіндіктерін туғызады және климаттық қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтеді. Бұл ынтымақтастық қордың ұлттық даму банктерімен әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадам болып саналады, – деді Жасыл климат қорының Инвестициялық қызмет департаментінің директоры Ачала Абейсингхе.
Аккредитация ҚДБ-ға Қор қаржыландыратын бағдарламаларды еліміз үшін басым саналатын салаларда – жаңартылатын энергетика мен инфрақұрылымда әзірлеуге және іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар климаттық әсерді азайтуға әрі бейімделу процестерін жеделдетуге бағытталған. Сонымен қатар, аралас қаржыландыру тетіктерін пайдалану жеке капиталды тартуға және тұрақты жобаларды кеңейтуге жағдай жасайды.
– Жасыл климат қорының аккредитациясы – Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие шешім. Ол төмен пайыздық климаттық қаржыландыруды тартуға, тұрақты жобаларды жүзеге асыруға, жеке инвесторлардың тәуекелдерін азайтуға және жаңартылатын энергетика, өнеркәсіпті декарбонизациялау мен тұрақты инфрақұрылым бастамаларын жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз ұлттық басымдықтарға қол жеткізу жолында Жасыл климат қорының қолдауына сенім артамыз, – деді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Келесі кезеңде ҚДБ ұлттық уәкілетті органмен және салалық серіктестермен бірлесе отырып, Жасыл климат қоры Кеңесінің қарауына ұсынылатын алғашқы жобалар портфелін қалыптастырады. Ерекше назар климатқа жоғары әсер ететін, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақтылығы дәлелденген, мониторинг пен есептілік жүйесі айқын жобаларға аударылады.