Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің делегациясымен кездесу

Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің делегациясымен кездесу

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің делегациясымен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу, метан шығарындыларын азайту және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Вице-министр климаттың өзгеруіне бейімделу Қазақстанның экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында 2035 жылға дейінгі Қазақстанның жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі (ҰАҮ 3.0) әзірленіп жатқаны туралы ақпарат ұсынылды. Құжат инвестициялық жоспарды, экономиканы декарбонизациялау шараларын, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруды, энергия тиімділігін жоғарылатуды және метан шығарындыларын қысқартуды қамтиды.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің қаражаты есебінен кеңейтілген «Орталық Азиядағы климаттық тәуекелдерді басқару» GIZ жобасы аясындағы табысты ынтымақтастықты атап өтіп, британ тарапы Қазақстанның климаттық бастамаларын қолдайтынын білдірді. Климаттық инновацияларға арналған шағын гранттар қорын құру және халықаралық инвесторлармен диалогты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, мұнай-газ секторындағы метан шығарындыларын реттеу бойынша Халықаралық энергетикалық агенттіктің қолдауымен бірлескен жұмыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қазақстан осы салада инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдіріп, Ұлыбританиямен әріптестікті одан әрі кеңейтуге үміт артатынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешу жолында ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара қызығушылық білдірді.