Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Павлодар облысындағы ормандардың жағдайымен және Абай облысындағы өрт салдарын жою жұмыстарының барысымен танысты

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Павлодар облысындағы ормандардың жағдайымен және Абай облысындағы өрт салдарын жою жұмыстарының барысымен танысты

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Павлодар және Абай облыстарына жұмыс сапары аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Семей орманы» мен «Ертіс орманы» резерваттарының, сондай-ақ табиғи ресурстар басқармаларының мамандарымен бірлесіп ормандардың санитарлық жағдайын қарап, оларды қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігіне баға берді.

Сапар аясында Министр орман тұрақтылығын сақтау, зиянкестер мен аурулардың таралуын алдын алу мақсатында санитарлық-қорғау шараларын уақтылы жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Санитарлық қорғау іс-шараларын жүргізу кестелерін егжей-тегжейлі пысықтау, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағына 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі кешенді және өндірістік жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету туралы тапсырмалар берілді.

2023 жылы Абай облысында орын алған орман өрттерінің салдарын жою жұмыстарына баса назар аударылды. Министр өрттен зардап шеккен аумақтарды игеру барысымен танысып шықты.

Жыл басынан бері 309,7 мың текше метр жанған ағаш дайындалды. Өрттен зардап шеккен аумақтарды игеру барысында топырақ қабатына және қоршаған ортаға  зияны аз заманауи харвестерлер – жоғары технологиялы орман машиналары қолданылуда. Мұндай техниканы пайдалану еңбек өнімділігін едәуір арттыруға, жұмыс мерзімін қысқартуға, еңбектің қауіпсіздігін күшейтуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Өрттен зардап шеккен аумақта орманды қалпына келтірудің ауқымды жұмыстарын бастау үшін 63 мың гектар жерді қамтитын орман өсірудің жұмыс жобасы әзірленді. Жоба өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, ормандарды кешенді түрде қалпына келтіруді, жергілікті ағаш түрлерін пайдалануды және орман өсірудің жаңа әдістерін енгізуді көздейді.

Министр Абай облысындағы ормандарды қалпына келтіру - басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру тұрақты орман экожүйелерін қалыптастыруға, көміртекті сіңіру әлеуетін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Жұмыс сапары «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарымен өткен кеңеспен қорытындыланды. Жиын барысында орманды қалпына келтіру жұмыстарын одан әрі күшейту, өрттен зардап шеккен аумақтарды игеру қарқынын арттыру және өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.