
Жезқазған мектептерінде қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экологиялық бастама жалғасуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру ұйымдарында экологиялық ағартудың бірыңғай стандарты енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қала мектептерінде қағаз, пластик және әйнек қалдықтарын бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылуда.
Жобаны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ жүзеге асыруда. Экобокстар орнатылған оқу орындарының бірі – Қабден Шыңғысов атындағы №5 мектеп. Мұнда оқушылар қалдықтарды белсенді түрде сұрыптап, оларды қайта өңдеуге «EcoQolday» автоматтандырылған жүйесі арқылы өткізуде. Бұл жүйе азаматтарды, қалдық жинаушылар мен қайта өңдеушілерді біріктіреді.
Экобокстарды орнатумен қатар, қала мектептерінде экологиялық ағарту жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Мұғалімдер мен еріктілер оқушыларға қалдықтарды сұрыптаудың, ресурстарды үнемдеудің және қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын қызықты түрде түсіндіруде. Мектептерде эко-сабақтар, ойын түріндегі іс-шаралар, викториналар және қағаз бен пластик жинау акциялары өтті. Бұл шаралар барысында балалар алған білімдерін іс жүзінде қолдануды үйренуде. Оқушылардың ерекше қызығушылығын қайта өңделген материалдардың «екінші өмір» алып, жиһазға, сәндік бұйымдарға және абаттандыру элементтеріне айналатыны туралы мысалдар тудырды.
Сонымен қатар, мектептер арасында «EcoQolday» жүйесі арқылы қалдық жинау бойынша байқау жарияланды. Қай мектеп ең көп қалдық жинап, қайта өңдеуге өткізсе, бағалы сыйлықтарға ие болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті нығайтып қана қоймай, балалардың табиғатқа ұқыпты қарау әдетін қалыптастырып, ұжымдық жауапкершілік сезімін дамытады.
«Таза Қазақстан» акциясы елімізде экологиялық білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам болды. «Жасыл даму» АҚ өкілдерінің айтуынша, оқушылардың осындай жобаларға қатысуы экологиялық құндылықтарды бала кезден бойына сіңіріп, Қазақстанның таза, жасыл әрі тұрақты болашағын құруға үлес қосады.