Астанада ұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектептерде экожоба жалғасуда. Оның басты мақсаты балаларға тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйретіп, табиғатқа ұқыпты қарауды дағдыға айналдыру.
Жоба шеңберінде елорданың білім ордаларына қағаз, пластик және шыныны бөлек жинауға арналған заманауи экобокстар қойылып жатыр. Бұл бастаманы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ жүзеге асыруда.
Экобокстар Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында да орнатылды. Енді оқушылар тек қалдықты дұрыс сұрыптап қана қоймай, EcoQolday автоматтандырылған жүйесі арқылы жиналған шикізатты қайта өңдеуге тапсыра алады. Бұл жүйе тұрғындарды, жинаушы компанияларды және қайта өңдеушілерді біріктіріп, экологиялық жауапкершілікті нығайтады.
Сонымен қатар, оқушылар арасында қызықты конкурс жарияланды. EcoQolday арқылы ең көп қалдық жинаған мектеп құнды сыйлықтарға ие болады.
Бұл бастама балаларды табиғатты қорғауға үйретіп қана қоймай, жалпы қоғамды экологиялық мәдениетке тартуға ықпал етеді.