Жоспарлы жұмыс аясында қызметтік әдеп қағидаттарын нығайту мақсатында Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Сауле Садвакасова Биржан сал ауданы басқармасының ұжымымен кездесу өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – корпоративтік мәдениетті арттыру, қызметкерлерде күнделікті кәсіби қызметте әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің тәртіп пен жауапкершілігін күшейту болды.
Кездесу барысында Сауле Садвакасова мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі ережелерін жан-жақты түсіндіріп, мамандар жұмыста жиі ұшырасатын тәжірибелік мысалдар келтірді. Әсіресе халықпен және әріптестермен дұрыс қарым-қатынас орнату, басқарушылық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесіне назар аударылды. Спикердің айтуынша, азаматтардың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына деген сенімі көбіне әрбір қызметкердің ашықтығына, адалдығына және кәсібилігіне байланысты.
Қызметтік әдеп нормаларын сақтаудың маңызын атап өткен Сауле Садвакасова әдеп қағидаттары жай ғана формалды ереже емес, әрбір маманның іскерлік беделінің іргетасы және бүкіл мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырудағы маңызды фактор екенін жеткізді.