
2025 жылғы 24 қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы шеңберінде БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP), Bloomberg Philanthropies қайырымдылық ұйымы және БҰҰ Бас хатшысының климаттық іс-қимыл мәселелері жөніндегі тобы ұйымдастырған метан жөніндегі шешімдер туралы жоғары деңгейдегі диалогқа қатысты.
Іс-шараға UNEP атқарушы директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ингер Андерсен, БҰҰ Бас хатшысының климаттық іс-қимыл жөніндегі Арнайы кеңесшісі Селвин Харт және Bloomberg Philanthropies негізін қалаушы Майкл Блумберг қатысты.
Диалог барысында экономиканың негізгі секторларында метан шығарындыларын азайту жөніндегі өзекті шаралар мен саясаттар қаралды. Министр Қазақстанның мұнай-газ саласында метан шығарындыларын нормативтік-құқықтық реттеуді енгізу жөніндегі жұмысы туралы хабарлады, сондай-ақ метан шығарындыларын азайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қосымша қаржы ресурстарын тарту қажеттілігін атап өтті.