«Жасыл даму» АҚ мен «Capital Plast KZ» ЖШС Ақтөбе қаласында заманауи картон және қағаз өндіретін зауыт салу жөніндегі ірі инвестициялық жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды.
Жобаның бастамашысы - Қазақстандағы қаптама өнімдері нарығының ең ірі қатысушыларының бірі болып табылатын «Capital Plast KZ» ЖШС.
Жалпы инвестиция көлемі 12,28 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 10,27 млрд теңге қаржыландыруды «Жасыл даму» АҚ утилизациялық төлем қаражаты есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі жеңілдетілген несие түрінде қамтамасыз етеді.
Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 42 мың тонна өнімді құрайды. Оның ішінде 18 мың тонна гофрлеуге арналған қағаз және 24 мың тонна тегіс қабаттарға арналған картон шығару жоспарлануда. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаны жүзеге асыру макулатураны қайта өңдеу көлемін едәуір арттырып, қалдықтарды азайтуға және қаптама индустриясында жабық циклді қалыптастыруға зор үлес қосады. Бұл 32 миллионнан астам жасыл екпелерді сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жаңа зауыт өңір экономикасының драйверіне айналып, экологиялық тұрғыдан бағдарланған заманауи технологияларды енгізу алаңы болмақ.
«Біз үшін бұл жай ғана өндіріске инвестиция емес, бұл экологияға, инновацияға және елдің болашағына салынған инвестиция. Жаңа зауыт Қазақстанның қаптама импортына тәуелділігін азайтып, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетеді», – деп атап өтті «Жасыл даму» АҚ өкілі.
Жаңа өндірістік кешен компанияның ұлттық қаптама индустриясын дамыту стратегиясындағы маңызды қадам болмақ.