Қазақстан Республикасындағы 2025 ж. климаттың өзгеруі бойынша Ұлттық жастар конференциясы (LCOY Qazaqstan 2025)

Қазақстан Республикасындағы 2025 ж. климаттың өзгеруі бойынша Ұлттық жастар конференциясы (LCOY Qazaqstan 2025)

2025 жылғы 22–23 тамызда Астана қаласында климаттың өзгеруі мәселелері бойынша Ұлттық жастар конференциясы (LCOY Kazakhstan 2025) өтті. Конференцияға еліміздің барлық өңірлерінен жүзден астам қатысушы жиналды: жас мамандар, оқушылар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғылыми және үкіметтік емес сектордың қатысушылары.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі конференцияның негізгі іс-шараларының бірі – «Ұрпақаралық диалог: климаттық дағдарысты шешудегі жастардың рөлі мен болашағы» панельдік сессиясына қатысты. Сессия барысында жастар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері арасында ашық пікір алмасу өтті. Әсіресе, жастардың климаттық саясатты қалыптастыруға қатысуы, ұлттық және халықаралық бастамаларды жүзеге асырудағы рөлі, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 30-шы конференциясына (COP30) және 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке дайындық жұмыстарына қатысу перспективалары талқыланды.

Министрлік жастардың қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруімен күрес мәселелеріне белсенді қатысуын жоғары бағалайды. Мұндай кездесулердің тәжірибесі ашық диалог жаңа идеялар мен тәсілдерді әзірлеуге, сондай-ақ ұлттық климаттық күн тәртібін әрі қарай дамытуға ықпал ететінін көрсетіп отыр.