Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдегі бірқатар маңызды өндірістік нысандарды аралады.
Сапардың алғашқы нысаны «Булаев орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болды. Министр мекеме қызметімен танысып, орман көшеттерін көрді, орман қорын қалпына келтіру, жасыл желектерді күтіп-баптау және орман өрттерінің алдын алу шаралары бойынша ақпарат алды.
Сонымен қатар, орман шаруашылығының өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға қосып отырған үлесіне ерекше назар аударылды.
Кейін ведомство басшысы облыстың жетекші кәсіпорындарының бірі – металлпластикалық бұйымдар шығаратын «Радуга» ЖШС-не барды. Мұнда министр шикізатты өңдеуден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік үдерістің барысымен танысты.
Сапар барысында өндірістің экологиялық қауіпсіздігі, энергия үнемдеу және қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттарды азайту мәселелері талқыланды. Министр заманауи және табиғатқа зияны аз технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ жұмыс сапарындағы келесі нысан – агроөнеркәсіп саласында инновациялық технологияларды енгізіп жүрген «РимКазАгро» ЖШС болды. Мұнда министр тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, суды ұтымды пайдалану және экологиялық тұрғыдан таза әдістерді қолдану жөніндегі кәсіпорын тәжірибесімен танысты.
Жұмыс сапары қағаз өнімдерін шығаратын фабрикада жалғасын тапты. Ерлан Нысанбаев өндірістік үдерістің барысымен және кәсіпорында қолданылатын экологиялық стандарттармен танысты. Әсіресе қайталама шикізатты пайдалану және өндірістік қалдықтарды азайту бағытындағы бастамалар үлкен қызығушылық тудырды.
Министрдің бұл жұмыс сапары өңірдегі кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып, жасыл экономиканы дамыту жөніндегі ашық диалог алаңына айналды.