Бүгін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев Қызылорда облысының тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдарымен кездесті. Кездесу барысында азаматтардың сұрақтарына жауап берілді.
Министр өз сөзінде атап өткендей, жалпы Қызылорда облысы бойынша экологиялық жағдай тұрақты.
Өңірде 1-санаттағы қауіптілікке жататын 83 кәсіпорын бар. Облыстағы ірі кәсіпорындардың үлесіне жалпы шығарындылардың 79%-і тиесілі.
Ауа сапасына мониторинг Қызылорда, Ақай, Төретам, Шиелі, Арал және Әйтеке би елді мекендерінде орналасқан бақылау бекеттерінде жүргізіледі. Облыс бойынша ауаның ластану деңгейі төмен. Өңірдегі атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін негізгі көздер – өнеркәсіптік нысандар мен автокөліктер болып табылады.
2025 жылдың 1-жартыжылдығында 17 тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде 36 заң бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша 36 нұсқама берілді. Жалпы көлемі 18 млн. теңгеге 66 әкімшілік айыппұл салынды, оның 9,8 млн. теңгесі өндірілді.
Мемлекет басшысының өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында бекітілген «Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасы (2022-2025)» аясында 52 іс-шараның 31-і орындалды, қалғаны орындалуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің өткен жылы халыққа жасаған жолдауында экология және тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударды. Негізгі аспектілердің бірі автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату.
Облыста 3 кәсіпорын бұл жүйені орнатуы тиіс. Қазіргі уақытта кәсіпорындар жүйені толығымен іске қосып, «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне ақпарат беруде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын бекітті.
2024 жылдың желтоқсанында Қызылорда облысының әкімдігі «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша өңірлік іс-қимыл жоспарын нақты көрсеткіштерімен бекітті. Онда 43 іс-шараны іске асыру көзделген.
Аталған шаралар республикалық және аймақтық деңгейде Президенттің идеясын іске асырудың ауқымды сипатын қамтамасыз етіп, қоғамымызда қоршаған ортаға жауапты және ұқыпты қарым-қатынас қалыптастыруға, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін денсаулыққа және орнықты қоршаған ортаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылау мақсатында азаматтар экологиялық мәселелер бойынша өтінім бере алатын Таза Қазақстан (@TazaQazBot) телеграм-чат-боты іске қосылды.
Телеграм іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша чатқа 497 өтінім түсті. Оның 474 орындалды, 5 орындалуда және 18 орындаудан бас тартылды. Өтінімдердің басым бөлігі «Аумақтарды тазалау», «Тұрмыстық қалдықтарды шығару», «Көшелерді абаттандыру» және «Жолдарды жөндеу» санаттары бойынша түскен.
Мемлекет басшысының орман көлемін арттыру үшін 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында, 2021-2025 жылдар аралығында республика бойынша барлығы 1 млрд. 381 млн., оның ішінде 2021-2025 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша Арал теңізінің құрғаған табанына 595 мың га жерге мелиорациялық екпе егу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айында «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорыны қаражатына 108 000 га жерге галофитті өсімдіктер тұқымы себіліп, наурыз айынан бастап 11 830 га жерге сексеуіл көшеті отырғызылды.
Сондай-ақ, Президент елді мекендерде 15 млн. көшет егуді тапсырған болатын. 2021-2025 жылдар аралығында республика бойынша 15,7 млн. (Қызылорда 959 мың) көшет егіліп, тапсырма толық орындалды.
Кездесу барысында Министр азаматтардың жеке қабылдауын және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг өткізді.