2025 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев Тяньцзинь қаласында (Қытай Халық Республикасы) қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволары басшыларының 6-шы кеңесінің жұмысына қатысты.
Аталған іс-шараға Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қоршаған ортаны қорғау және экология министрліктері мен ведомстволарының басшылары және ШЫҰ Бас хатшысы қатысты.
Мансұр Ошурбаев өз сөзінде ШЫҰ алаңында экологиялық өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ШЫҰ аясында бірлескен экологиялық жобаларға, ғылыми зерттеулерге және білім беру бастамаларына белсенді қатысуға дайын екендігін атап өтті.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша өңірлік және жаһандық деңгейлерде үйлестірілген және шешуші іс-қимылдардың қажеттігін атап өтіп, вице-министр ШЫҰ-ның барлық елдерін 2026 жылы Қазақстанда өңірлік экологиялық саммитті дайындауға және өткізуге белсенді қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, М.Ошурбаев қатысушыларды біздің елімізде биологиялық әртүрлілікті сақтау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Киік популяциясын қалпына келтіру бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісе отырып, кеңеске қатысушыларға СИТЕС Конвенциясының II қосымшасында Saiga tatarica аннотациясын Қазақстан Республикасының аумағынан шығатын ақбөкендердің мүйіздерімен қатаң реттелетін халықаралық сауданы шешу бөлігінде қайта қарау жөніндегі қазақстандық Бастаманы қолдауды ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы «жасыл» және елдің орнықты дамуы саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде бірлескен мәлімдеме мен бастама қабылданды, онда елдер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экологиялық салауаттылықты жақсарту мақсатында қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерін мойындайды.