Қазақстан Республикасының Экология министрі Ерлан Нысанбаев Польша Республикасының Уақытша Сенімді өкілі Михал Лабендамен кездесті. Кездесу сындарлы және достық түрде өтті, бұл екі ел арасындағы саяси диалог пен белсенді өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растайды.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасымен байланысты мәселелерді талқылады, ол ел азаматтарында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысуға бағытталған.
Министр осы бастама аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабарлады.
М.Лабенда Астана қаласында ағаш отырғызу жөніндегі бастаманы қолдауға және іс-шараны ұйымдастыруға қызығушылық білдірді.
Министр Е.Нысанбаев поляк тарапының бастамасын қолдап, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар экологиялық әріптестік Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстарды нығайтуға және қоршаған ортаны сақтау бойынша ортақ міндеттерді іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.