«Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы

«Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы

Бүгін Астанада «Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы өтті.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев атап өтті: «Біздің ортақ мақсатымыз – экологиялық шешімдерді нүктелі түрде енгізу емес, адамдардың өмір сапасын арттыратын, қоршаған ортаға жүктемені азайтатын және технологиялық дамудың жаңа бағытын айқындайтын жүйелі өзгерістер жасау», – деді ол.

Брокерлік алаң экологиялық шешімдер әзірлеушілерін, мемлекеттік органдар, бизнес, сарапшылық қауымдастық және инвестор өкілдерін біріктіріп, Астана мен Ақмола облысының орнықты дамуына бағытталған күн тәртібін қалыптастыруға арналды.

Сессияның мақсаты – өңірдің негізгі экологиялық сын-қатерлеріне жауап бере алатын инновациялық технологияларды коммерцияландыруға және енгізуге жәрдемдесу. Жоба басталғанға дейін ұйымдастырушылар мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдерімен кең көлемді консультациялар өткізіп, нәтижесінде төрт басым бағыт айқындалды:

- Атмосфералық ауаны тазарту және ластану деңгейін төмендету;

- Су ресурстарын ұтымды басқару, оның ішінде қайталама пайдалану және цифрлық есепке алу;

- Қалдықтарды қайта өңдеу және олардың көлемін азайту;

- Қалалық ортаны көгалдандыру және Астананың климаттық төзімділігін арттыру.

Іс-шара Мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан және елдегі экологиялық жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасымен үндеседі.