Бекітілген кестеге сәйкес ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Жамбыл облысының тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдарының өкілдерімен экология саласындағы мәселелер бойынша кездесу өткізді.
Өз баяндамасында ол іс-шараға қатысушыларға мониторингтің автоматтандырылған жүйелерінің көмегімен және экологиялық көрсеткіштердің толық цифрлық ашықтығын қамтамасыз ете отырып, өңірде өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларын бақылау қалай жүргізілетінін айтып берді.
Вице-министр өнеркәсіптік кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді технологияларға (ЕҚЖТ) көшу мәселесіне баса назар аударды. Пилоттық жобаларға бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар («Қазфосфат» ЖШС, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «Алтыналмас» АК» АҚ) қатысуда.
«ЕҚЖТ енгізу сумен жабдықтаудың, қалдықтарды қайта өңдеудің және шығарындыларды азайтудың тұйық циклдары есебінен қоршаған ортаға жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті М.Ошурбаев.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды тұрмыстық қатты қалдықтар мен елді мекендерді көгалдандыру мәселелері қызықтырды. Барлық қойылған сұрақтарға қатысушылар толық жауаптарын алды.
Іс-шара соңында вице-министр қатысушыларға алғыс айтып, азаматтарды жеке қабылдау өткізді.
БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды.