Қазақстандық делегация 2025 жылғы 16 маусымда Нью-Делиде (Үндістан) өткен Халықаралық Үлкен Мысықтар Альянсы Ассамблеясының (International Big Cat Alliance, IBCA) бірінші сессиясына қатысты. Іс — шарада министрлер мен вице-министрлер деңгейінде тоғыз елдің өкілдері бой көрсетті - Бутан, Камбоджа, Эсватини, Гвинея, Үндістан, Либерия, Никарагуа, Сомали және Суринам.
Ассамблеяға қатысу сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерді, соның ішінде Амур жолбарысы мен барысты сақтау бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам.
Сапар аясында Үндістанның Қоршаған орта, орман және климаттың өзгеруі министрі, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Бас хатшысы және Халықаралық Үлкен Мысықтар Альянсының Бас хатшысымен кездесулер өтті. Келіссөздер барысында Қазақстандағы жолбарыс популяциясын қалпына келтірудің, мамандар даярлаудың, ғылыми деректер мен озық тәжірибелермен алмасудың практикалық тәсілдері талқыланды.
Үндістан тарапы Қазақстанға ветеринария, мониторинг және экожүйені басқару саласында техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Сонымен қатар, қатысушы елдер қар барысы мен үлкен мысықтардың басқа түрлерін сақтау бойынша бірлескен жобаларды дамытуға ниет білдірді.
IBCA форматы Қазақстанға жаһандық табиғат қорғау күн тәртібіне интеграциялау және биоәртүрлілікті сақтау саласындағы кооперацияны күшейту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатынын атап өткен жөн.