Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өткен «Болашақты қаржыландыру: қаржы ағындарын табиғатқа оң әсер ететін даму мақсаттарымен үйлестіру» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстелді Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян мен Танзания Біріккен Республикасының құрамындағы Занзибар Президенті, Революциялық кеңестің төрағасы Хусейн Әли Мвиньи ашты. Одан кейін бірқатар елдердің министрлері сөз сөйледі. Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобы модераторлық етті.
Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтауға қаржы ресурстарын жұмылдыру және 2030 жылға қарай осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 200 млрд АҚШ долларын тарту жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізу мәселелерін талқылады.
Әлібек Қуантыров бастаған Қазақстан делегациясының баяндамасы қабылдаушы тараптың өкілі – Армения Президенті Ваагн Хачатурянның қатысуымен өтті.
Министр өз сөзінде табиғи экожүйелердің тұрақтылығы экономикалық орнықтылықтың негізі екенін атап өтіп, биоалуантүрліліктің құндылығын бюджеттік жоспарлау, кредит беру және инвестициялық шешімдер қабылдау барысында ескеру қажеттігіне тоқталды.
Ол Қазақстанның экожүйелік қызметтер үшін төлем жасау тетіктерін қолдану тәжірибесі мен БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан БИОФИН бастамасы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ Іле өзенінің атырауындағы тоғайлы ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Аталған тәжірибе БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілген.
Экожүйелерді қалпына келтірудің толық кезеңін – көшет өсіретін тәлімбақтар құрудан бастап, отырғызылған ағаштарға күтім жасау мен мониторинг жүргізуге дейінгі жұмыстарды қаржыландыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сирек кездесетін түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын іске асыру аясында министр халықаралық серіктестерді ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар даму банктерімен бірлесіп, «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы аясындағы жобаларды қоса алғанда, өңірлік жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынды.
Әлібек Қуантыров Жаһандық экологиялық қорды (ЖЭҚ), Жасыл климат қорын және даму банктерін табиғат қорғау жобаларын қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетуге шақырды. Перспективалы қаржылық құралдар ретінде гранттарды, жеңілдетілген қаржыландыруды, кепілдіктер мен жасыл облигацияларды атап өтті.
Сөз соңында министр Қазақстанның Ереван іс-қимылға шақыру үндеуін қолдайтынын растады.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров биоалуантүрлілікті сақтау және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған COP17 көшбасшылар саммитінің жабылу рәсіміне де қатысты.
Ереван, 2026 жылғы 16 қазан
Биологиялық әртүрлілік жөніндегі БҰҰ конференциясы (КС-17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовпен кездесті.
Өзбекстан тарапы Қазақстанның киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар Өзбекстан аумағына киіктерді қайта жерсіндіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылап, практикалық мәселелерді бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
Азиз Абдухакимов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның аясында қабылданған бастамаларға қолдау білдірді. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров аталған бастамаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталғанын, оның ішінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы мен ормандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесі болды. Тараптар таза ауаның екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасты. Сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.
Министрлер өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінің халықаралық алаңдарда ортақ ұстаным білдіруі бағытында жұмыс жүргізу, сондай-ақ Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қатысуымен Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу барысында өңір мамандарының күш-жігерін біріктіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, тараптар қалдықтарды басқару мәселелерін талқылап, осы саладағы тәжірибе мен озық практикалар алмасуды жалғастыруға келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.
2024 жылғы маусым айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан TazaQazBot чат-боты тұрғындарға қалалардың экологиялық жағдайын жақсартуға, абаттандыру деңгейін арттыруға және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне қатысты мәселелерді жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Тұрғындар заңсыз қоқыс үйінділері, қоқыс контейнерлерінің толып кетуі, көше жарығының істен шығуы, жол жамылғысының бүлінуі және өзге де абаттандыру мәселелері туралы чат-бот арқылы хабарлай алады.
Өтініш жолдау үшін анықталған мәселенің фотосуретін тіркеп, орналасқан жерін көрсетіп, қысқаша сипаттама беру қажет. Келіп түскен өтініштер қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органдарға жолданады.
Чат-бот іске қосылғаннан бері барлығы 24 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде 22 мыңнан көп өтініш орындалды, бұл жалпы өтініштердің 91,8%-ын құрайды.
TazaQazBot – тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, қалалық инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған тиімді құрал.
Қалаларымыздың тазалығы мен жайлылығын қамтамасыз ету – ортақ міндет. Әрбір тұрғынның белсенділігі мен жауапкершілігі қолайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Ереван қаласында БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы Тараптарының 17-ші конференциясы (COP17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Армения Республикасының Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатянмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ осы салада заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және электр көлігін дамыту, оның ішінде электр көлігін пайдалануға арналған инфрақұрылымды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға көлік құралдарының тигізетін жүктемесін азайту мәселелері қарастырылды.
Атап айтқанда, жекелеген табиғат қорғау аумақтарына іштен жану қозғалтқыштары бар автокөліктердің кіруін шектеу және келушілер үшін экологиялық қауіпсіз баламалы қозғалыс тәсілдерін дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Мұндай тәсілдер атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін азайтуға, табиғи экожүйелерге түсетін жүктемені төмендетуге және тұрақты экологиялық туризмді дамытуға ықпал етуі мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған мәселелер бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік білдірді.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың ескі автокөліктерін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік құралдарын сатып алуға жеңілдік сертификаттарын ала алатыны туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ түсініктеме беруді қажет деп санайды.
Қазіргі уақытта кәдеге жарату бағдарламасы аясында пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жеңілдік сертификаттарын бере отырып қабылдау жүзеге асырылмайды.
Мұндай ақпараттың жариялануына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы № 252 бұйрығының бекітілуі себеп болды. Аталған бұйрықпен көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру қағидалары, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын ұсыну және пайдалану тәртібі айқындалған.
Атап өтеміз, аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын және автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді. Құжат бағдарламаны іске асырудың құқықтық тетіктерін, атап айтқанда, жеңілдік сертификаттарын беру тәртібі мен шарттарын, оларды беру (қайта тіркеу) және отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібін белгілейді.
Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Алайда көрсетілген күн көлік құралдарын қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын берудің басталатын күнін білдірмейді.
Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсыру тәртібі Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 332 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.
Аталған Қағидалар аясында қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдауды және кейіннен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеуші кәсіпорындарды іріктеу жұмыстарын жүргізуде.
Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімдері, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат Министрлік пен «Жасыл даму» АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатын болады.
Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтік қағидалардың бекітілуі мен бағдарламаның нақты іске қосылуы арасындағы айырмашылықты ескеруге, ал азаматтарды уәкілетті ұйымдардың ресми хабарламаларына сүйенуге шақырамыз.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман қорын сақтау, өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және орман өрттерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Осы міндеттерді іске асыру аясында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы «Ертіс орманы» және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен ауқымды экологиялық жоба жүзеге асырылуда.
Жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен іске асырылуда. Оның жалпы бюджеті 500 миллион теңгені құрайды.
Жоба аясында 1,2 мың гектардан астам аумақта 5 миллион қарағай көшетін отырғызу көзделген. Оның 2,5 миллионы биылғы көктемгі маусымда отырғызылды. Қалған 2,5 миллион көшетті отырғызу жұмыстары күзгі кезеңде жалғасып, қазіргі уақытта аяқталуға жақын.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру, орман қорын молықтыру және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 450 гектар аумаққа 2 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар орман өрттеріне қарсы әрекет ету мүмкіндіктерін күшейту мақсатында ангар үлгісіндегі екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 762 гектар аумаққа 3 миллион қарағай көшетін отырғызу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, орман отырғызу техникасын жаңарту, жылыжай кешенін жөндеу және ангар үлгісіндегі екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату қарастырылған.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті орман қорын қорғау және молықтыру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ведомстволық бағынысты мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударып келеді.
Жоба аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті кезеңге дайындығын арттыруға, өрт ошақтарына жедел әрекет етуге және өрттің таралу қаупін төмендетуге бағытталған.
Орманды қалпына келтіру – тек ағаш көшеттерін отырғызу ғана емес, олардың өсіп-жетілуіне, табиғи экожүйенің қайта қалыптасуына және орман алқаптарының болашақта қауіпсіз сақталуына жағдай жасау.
Осы тұрғыдан алғанда, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауы ормандарды қалпына келтірумен қатар, олардың ұзақ мерзімді қорғалуына қажетті инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі үшін мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және басқа да серіктестер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту – еліміздің табиғи байлығын сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.
Орман қорын қалпына келтіру, орман өрттерінің алдын алу және табиғи экожүйелерді сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
EcoQolday жүйесі іске қосылғаннан бері оның қатысушыларына төленген қаражат көлемі 5,9 млрд теңгеден асты. Осы кезеңде жүйе арқылы 180,5 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберіліп, жасалған шарттар саны 113-ке жетті.
EcoQolday - қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласындағы бизнесті қолдауға арналған цифрлық платформа. Бүгінде жүйе аясында қалдық жинаушылармен 78, қайта өңдеушілермен 21 және толық циклді кәсіпорындармен 14 шарт жасалған.
Жалпы төлем көлемі 5,943 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 2024 жылы 4,6 млн теңге, 2025 жылы 884,4 млн теңге төленді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында төлем көлемі 5,054 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар EcoQolday арқылы қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтардың көлемі де артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,07 мың тоннаны, 2025 жылы 49,34 мың тоннаны құрады. 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында қайта өңдеуге 120,14 мың тонна қалдық жіберілді. Жүйе іске қосылғаннан бергі жалпы көлем 180,5 мың тоннаға жетті.
EcoQolday мүмкіндіктерін сала кәсіпорындарымен қатар жеке және заңды тұлғалар да пайдалана алады. Олар мобильді қосымша арқылы шыны ыдыстарды, қағазды, картонды, пластик қаптама мен пленканы өткізуге өтінім беріп, жинаушыны таңдап, жиналған қайталама шикізатты тапсыра алады.
Қалдықтарды бөлек жинауға мүлік иелерінің бірлестіктерін (МИБ) және пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) тарту да маңызды бағыттардың бірі. Жүйеде олардың қатысуының екі тетігі қарастырылған.
Бірінші жағдайда МИБ немесе ПИК EcoQolday жүйесінде қалдық түзуші ретінде тіркеледі. Осыдан кейін тұрғын үй кешенінің аумағына қайталама шикізатты бөлек жинауға арналған экобокс орнатылып, жиналған шикізатты қалдық жинаушы сатып алады.
Екінші тетік бойынша МИБ немесе ПИК қалдық жинаушы ретінде тіркеледі. Қажетті инфрақұрылым болған жағдайда олар жиналған қайталама шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына өздері өткізіп, «Жасыл даму» АҚ-дан көзделген төлемдерді ала алады.
Бұл тетік Астанада қолданысқа енгізіліп жатыр. 2026 жылғы қаңтардан бастап елорданың тұрғын үй кешендерінде қағаз бен пластикті бөлек жинауға арналған экобокстар орнатылуда. Бүгінде 130-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын 53 экобокс жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін қайталама шикізатты қабылдауға арналған тағы 100 экобокс пен фандомат орнату жоспарланып отыр.
EcoQolday жүйесін дамыту бизнес пен тұрғындардың қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу үдерісіне кеңінен қатысуына, сондай-ақ қайталама шикізатты экономикалық айналымға тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы 13 қазанда Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Бельгияның ұтқырлық, климат және экологиялық өтпелі кезең мәселелері жөніндегі министрімен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, өнеркәсіпті декарбонизациялау және орнықты даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.
Келіссөздер барысында заманауи экологиялық технологияларды енгізу, төмен көміртекті экономиканы дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы өнеркәсіпті декарбонизациялау, циркулярлық экономиканы дамыту, қалдықтарды басқару және ресурстарды тиімді пайдалану бағыттарында Бельгияның озық тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар тараптар Еуропалық Одақтың көміртегі шығарындыларын трансшекаралық реттеу тетігін (CBAM) енгізуге қатысты мәселелерді қарастырып, жаһандық төмен көміртекті даму жағдайында технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу аясында Каспий теңізінің экологиялық жағдайына айрықша көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы теңіз деңгейінің төмендеуі, жағалау сызығының өзгеруі және аталған үдерістердің биоалуантүрлілікке, жағалау экожүйелеріне, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін ықтимал әсерлеріне назар аударды.
Осыған байланысты Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мақсатында ғылыми зерттеулерді жандандыру, экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру және халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық климаттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Түркияда өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуге қатысушылар парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету бағыттарында халықаралық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы экологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өзара тәжірибе алмасуды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін растады.
Кішкентай ғана сақина — құстардың мыңдаған шақырымға созылатын саяхатының құпиясын ашатын үлкен ғылыми мүмкіндік!
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында орнитологиялық зерттеулердің маңызды бағыты қайта жанданды. 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында мамандар құстарды күзгі сақиналау жұмыстарын жүргізіп, 14 түрге жататын 128 құсты сақиналады.
Зерттеудің ең қызықты жаңалығы — кәдімгі ементұмсықтың қайта тіркелуі!
Бұл құстың Қорғалжын қорығы аумағындағы соңғы тіркелген кездесуі 2013 жылға тиесілі. Араға 13 жыл салып қайта тіркелуі ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Сақиналанған құстардың арасында қырғи, үлкен тағанақ, алаторғай, қамыс сұлыкеші, құнақ және басқа да түрлер бар.
Құс аяғындағы кішкентай сақина нені білдіреді?
Әрбір сақинаның жеке нөмірі болады. Егер құс кейін қайта кездессе, осы нөмір арқылы оның қоныс аудару бағытын, орын ауыстыру ерекшеліктерін және өмір сүру ұзақтығын зерттеуге болады.
Зерттеу жұмыстарына ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы А. Б. Янушевский, ғылыми қызметкер Аида Қазбекқызы және Қырғызстаннан келген практикант Азамат Хасенов қатысты.
Аида Қазбекқызы бұған дейін Шоқпақ орнитологиялық станциясында меңгерген тәжірибесін Қорғалжында іс жүзінде қолданды. Ал Қазақстан Республикасы Зоология институты зерттеуге қажетті арнайы сақиналармен қолдау көрсетті.
Қорғалжын — сан мыңдаған құстың көші-қон жолдары тоғысатын ерекше мекен.
Теңіз–Қорғалжын өңірінде мұндай ғылыми жұмыстарды қайта жандандыру құстардың қозғалысын тереңірек зерттеуге, түрлік құрамын нақтылауға және ұзақ мерзімді мониторингті дамытуға жол ашады.
Бүгін құстың аяғына тағылған кішкентай сақина ертең оның үлкен саяхаты туралы ғылымға құнды дерек беруі мүмкін!
Елестетіп көріңіз: кәсіпорынның қызметі салдарынан топырақ ластанды, өзенге зиян келді немесе жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне залал тиді. Мұндай жағдайда оның салдарын кім жоюы керек және шығынды кім өтейді?
📌 Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде нақты бекітілген.
Кодекстің 136-бабына сәйкес, «ластаушы төлейді» қағидаты қолданылады. Яғни қоршаған ортаға залал келтірген әрекеті немесе қызметі үшін жауапты тұлға өз қаражаты есебінен келтірілген залалды толық көлемде жоюға міндетті.
Нені білу маңызды?
Жауапкершілік айыппұл төлеумен шектелмейді. Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту кінәлі тұлғаны экологиялық залалды жою міндетінен босатпайды.
Табиғатты қалпына келтіру қажет. Мәселе тек ақша төлеуде емес, қоршаған ортаның бүлінген құрамдас бөліктерін қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдауда.
Дәлелдер маңызды. Экологиялық залалды жою міндетін жүктеу үшін зиян келтірген тұлғаны, оның әрекеті мен келтірілген залал арасындағы себеп-салдарлық байланысты, сондай-ақ залалдың өзін анықтау қажет. Залал нақты айқындалып, мөлшері өлшенетін болуы тиіс.
Негізгі қағида қарапайым: табиғатқа келтірілген залал назардан тыс қалмауы керек. Ал заңда көзделген жағдайларда оны жоюға жұмсалатын шығынды сол залалды келтірген тұлға көтереді.
Құқықтық негіз: Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 131 және 136-баптары.
Заңды білу — өз құқықтарыңды ғана емес, қоршаған ортаны сақтауға қатысты жауапкершілігіңді де түсіну.