Қоршаған орта
Табиғи орта мен антропогендік ортаны қамтитын, адамды қоршап тұрған жағдайлардың, материалдық дүние заттары мен объектілерінің жиынтығы қоршаған орта деп танылады.
Атмосфералық ауа, жерүсті және жерасты сулары, жер беті және топырақ қабаты, жер қойнауы, өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесі және өзге де организмдер, озон қабатын қоса алғанда, Жер атмосферасының барлық қабаты, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылында Жерде өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін климат табиғи ортаның құрамдастары болып табылады.
Қоршаған ортаның сапасы
Қоршаған ортаның сапасы деп қоршаған ортаның қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы түсініледі, олар оның құрамдастарының өзара іс-қимылындағы жай-күйін көрсететін физикалық, химиялық, биологиялық және өзге де көрсеткіштер негізінде айқындалады.
Қоршаған орта, егер оның сапасы табиғи ортаның экологиялық қауіпсіздігі мен табиғи теңгерімін, оның ішінде экологиялық жүйелердің, табиғи және табиғи-антропогендік объектілер мен табиғи кешендердің орнықты жұмыс істеуін, сондай-ақ биоәртүрліліктің сақталуын қамтамасыз ететін болса, адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы деп есептеледі.
Қоршаған ортаны қорғау
Қоршаған ортаны қорғау мемлекет, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын, табиғи ортаны сақтауға және қалпына келтіруге, қоршаған ортаның ластануын және оған кез келген нысандарда залал келтірілуін болғызбауға, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсерді барынша азайтуға және оның салдарларын жоюға, Қазақстан Республикасының орнықты дамуының өзге де экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін білдіреді.
Қоршаған ортаның ластануы
Қоршаған ортаның ластануы деп атмосфералық ауада, жерүсті және жерасты суларында, топырақта немесе жер бетінде ластағыш заттардың, жылудың, шудың, дірілдің, электрмагнит өрістерінің, радиацияның мемлекет белгілеген қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерінен асатын мөлшерде (концентрацияларда, деңгейлерде) болуы түсініледі.
Ластағыш заттар деп қоршаған ортаға түскен кезде өздерінің сапалық немесе сандық сипаттамаларына орай табиғи ортаның табиғи тепе-теңдігін бұзатын, табиғи орта құрамдастарының сапасын нашарлататын, экологиялық залал не адамның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруге қабілетті қатты, сұйық, газ тәрізді немесе бу тәрізді күйдегі кез келген заттар түсініледі.