«ОТБАСЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ»

«ОТБАСЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ»

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №59 мекемесінде «Отбасы күніне» орай психологиялық іс-шара өткізілді.

10 қыркүйек күні Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күніне орай мекеме психологтарының ұйымдастыруымен «Отбасы – басты құндылық» тақырыбында психологиялық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, оның қоғамдағы және әр адамның өміріндегі маңызды рөлін түсіндіру, сотталғандардың отбасымен әлеуметтік маңызды байланыстарын сақтау және нығайту, сондай-ақ жақындары алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Іс-шара барысында қатысушыларға отбасының адам өміріндегі орны мен маңызы, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластық, сенім, түсіністік пен қолдаудың маңыздылығы түсіндірілді. Психологтар отбасы – адамның тұлғалық қалыптасуына, өмірлік ұстанымдарының орнығуына және қиындықтарды еңсеруіне ықпал ететін маңызды әлеуметтік орта екеніне назар аударды.

Тақырыпты кеңінен ашу мақсатында қатысушыларға арнайы бейнематериал көрсетіліп, оның мазмұны бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Сотталғандар бейнематериалда көтерілген мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі, отбасы алдындағы жауапкершілік және жақын адамдармен қарым-қатынастың маңызы жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар іс-шара аясында «Отбасы – басты құндылық» тақырыбында плакатқа сурет салу конкурсы өткізілді. Шығармашылық жұмыс барысында қатысушылар отбасыға деген сүйіспеншілігін, ата-анаға деген құрметін, балаға деген мейірімін және отбасы бірлігінің маңызын өз жұмыстарында бейнеледі.

Іс-шараның психологиялық бөлігінде тренингтік жаттығулар ұйымдастырылып, қатысушылардың отбасылық құндылықтарды саналы түрде қабылдауына, эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, жақын адамдарға деген қамқорлық пен жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Тренинг барысында қатысушылар «Отбасы мен үшін нені білдіреді?» деген сауал төңірегінде ой қозғап, өздерінің отбасы мүшелері алдындағы жауапкершіліктерін саралады. Бұл өз кезегінде сотталғандардың отбасылық қарым-қатынастарға деген көзқарасын қайта қарауына және жақындарымен байланыстың адам өміріндегі маңызын тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысында отбасы – адамға рухани күш пен қолдау беретін, өмірлік қиындықтарды еңсеруге жігерлендіретін, адамгершілік қасиеттер мен жағымды құндылықтардың қалыптасуына ықпал ететін негізгі орта екені атап өтілді.

Мұндай психологиялық және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар сотталғандардың отбасымен байланысын сақтауға және нығайтуға, жақындары алдындағы жауапкершілік сезімін арттыруға, оң мінез-құлық қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделу үдерісіне психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған.