
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде «ҚАМАЛ» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Талдау және стратегиялық жоспарлау тобының бекітілген тоқсандық жоспарына сәйкес, департаментте жеке құрам арасында «ҚАМАЛ» атты жедел-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ету дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ арнайы жоспарларда көзделген іс-қимылдардың орындалу тәртібін пысықтау болып табылады.
Оқу-жаттығу барысында шартты дабыл белгісі беріліп, жеке құрамның белгіленген уақытта жиналуы, қызметтік міндеттерді орындауға дайындығы және қойылған тапсырмаларды орындау барысы тексерілді. Қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдерін қаншалықты меңгергені бағаланып, күштер мен құралдардың өзара іс-қимылы пысықталды.
Сонымен қатар оқу-жаттығу аясында департаментке жаңадан қабылданған қызметкерлерге «ҚАМАЛ» сигналы жарияланған жағдайда атқарылатын іс-шаралар жан-жақты түсіндірілді. Оларға дабыл кезінде жиналу тәртібі, қауіпсіздік талаптарын сақтау, қызметтік міндеттерді орындау және жауапты тұлғалардың нұсқауларын орындау бойынша практикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жас қызметкерлерге теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында оқу-жаттығуға қатысушылардың дайындығы талданып, қызметкерлердің кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіруге бағытталған тиісті ұсынымдар берілді. Мұндай оқу-жаттығулар жеке құрамның кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз етіп, қызметтік тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға, сондай-ақ қойылған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және төтенше жағдайларға тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады.