
Жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқық қорғау органдары қызметіне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Жамбыл облысында маңызды бастама жүзеге асырылды. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қолдауымен Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінде «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған жоба – өскелең ұрпақтың бойында жауапкершілік, тәртіп және адалдық сынды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. «Жас сақшы» сыныбына қабылданған оқушылар алдағы уақытта құқық қорғау саласының қыр-сырын меңгеріп, заңға құрметпен қарау, қоғам алдындағы борышты сезіну секілді құндылықтарды бойына сіңіретін болады.
Іс-шара барысында сала ардагерлері мен қызметкерлері оқушыларға ақ тілектерін арнап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жас сақшылар арнайы ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді.
Бұл игі бастама – жас буынды дұрыс бағытқа бағдарлап, олардың болашақта ел мүддесіне қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасуына жол ашатын маңызды жоба. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр.