Қайталама қылмыстың алдын алу мақсатында есірткіге қарсы күрес күшейтілуде

Қайталама қылмыстың алдын алу мақсатында есірткіге қарсы күрес күшейтілуде

Атап айтқанда, мекемеде сотталғандарды ресоциализациялау және қайталама құқық бұзушылықтардың құқықтық салдары туралы терең түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 58-мекемеде сотталғандар арасында, әсіресе рақымшылыққа ілінуі мүмкін тұлғалар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында бірқатар нақты шаралар қолға алынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Атап айтқанда, мекемеде сотталғандарды ресоциализациялау және қайталама құқық бұзушылықтардың құқықтық салдары туралы терең түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы (ПД ЕҚҚІБ) қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында сотталғандарға нашақорлықтың зияны, оның жеке адам мен қоғамға тигізетін кері әсері туралы кеңінен мәлімет беріліп, нақты мысалдар арқылы заң алдында жауапкершілік мәселесі түсіндірілді. Сонымен қатар, жазасын өтеу мерзімі аяқталуға жақын қалған адамдарға босатылғаннан кейінгі өмірге бейімделу, әлеуметтік қолдау алу және заңды түрде қалыпты өмір сүрудің жолдары бойынша ақпарат берілді.

Қоғамға қайта оралатын тұлғалармен жұмыс барысында олардың қайтадан қылмыстық ортаға түсіп кету қаупін азайту мақсатында ПД ЕҚҚІБ және 58-мекеме бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Бұл бастамалар нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға, сондай-ақ рақымшылыққа ілінетін және жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеп, қайталама қылмыстың алдын алуға бағытталған.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің айтуынша, мұндай кешенді тәсіл сотталғандардың құқықтық сауатын арттырып, оларға жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді