
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ Департаменті облыс прокуратурасымен, Петропавл қаласының прокуратурасымен және білім басқармасымен бірлесіп, студенттер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында телемост форматында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға 1500-ден астам студент пен оқушы қатысты. Негізгі мақсат – жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, өз әрекеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру және оларды заңсыз әрекеттерге тартуға жол бермеу.
Студенттер алдында алаяқтық, дропперлік және есірткі заттарын тарату бойынша жазасын өтеп жатқан тұлғалар сөз сөйледі.
Кездесу барысында сотталғандар өздерінің жеке тәжірибелерімен бөлісіп, қылмыс жасауға алып келген себептер мен құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы айтып берді. Әсіресе интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары мен жастарды заңсыз әрекеттерге тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға ашық әрі мазмұнды жауаптар алды. Өткізілген іс-шара жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруда тікелей диалогтың маңыздылығын көрсеткен жарқын мысал болды.