
Солтүстік Қазақстан облысында «№51 мекеме» сотталғандары медицина қызметкерлеріне арналған арнайы киім тігуді меңгерді. Жоба сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының негізгі іс-шаралар жоспары аясында «Енбек-Кызылжар» РМК филиалымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Аталған бастама Айыртау аудандық ауруханасы қызметкерлеріне арналған арнайы киім жиынтықтарын дайындауды көздейді. Бұған дейін мекемеде жұмыс кездесулері өткізіліп, тапсырысты орналастыру мүмкіндіктері мен өндірістік қуат мәселелері талқыланды.
Кезекті кездесуде жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне арналған кеудеше үлгісі таныстырылды. Алдағы уақытта кеудеше мен шалбардан тұратын толық арнайы киім жиынтығын шығару жоспарлануда. Арнайы киім медициналық талаптарға сай әзірленіп, оның ыңғайлылығы, тиімділігі және төзімділігіне ерекше назар аударылуда.
Алғашқы партия 16 дайын жиынтықты құрайды. Алдағы уақытта техникалық персоналға арналған 50 арнайы киім жиынтығын және санитарларға арналған 100 арнайы киім жиынтығын тігу жоспарлануда.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыру әлеуметтік мекемелерді қажетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сотталғандарды еңбекпен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.