
Қылмыстық-атқару жүйесінде ерлік пен адалдықтың талай үлгісі бар. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Аққайың ауданы пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, әділет капитаны Дархан Бекбулатовтың ерлікке толы іс-әрекеті. Оның батыл қимылының арқасында адам өліміне әкеп соғуы мүмкін жағдайдың алдын алып, бірнеше адамның өмірі сақталып қалды.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Дархан Бекбулатов жоғары мемлекеттік марапат – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды. Медальді оған Қазақстан Республикасының Президенті атынан ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыс етті.
Айта кетейік, оқиға 2025 жылғы 9 маусымда түнгі сағат 03:00 шамасында Аққайың ауданының Смирново ауылында болған. Үйінде болған әділет капитаны Дархан Бекбулатов сырттан атылған оққа ұқсас дыбыстарды естіп, далаға шыққан сәтте қою түтінді байқайды. Уақыт оздырмай, ол түтін шыққан жаққа бет алып, жанып жатқан моншаны көреді. От тұрғын үйге қарай тарай бастаған.
Қызметкер дереу өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, өз бетімен әрекет ете бастайды: екә ересек және екі кәмелетке толмаған баланы оятып, эвакуация ұйымдастырады. Сонымен қатар, өрттің таралуына жол бермеу үшін қолда бар құралдармен жалынды тоқтатуға тырысқан және айналада жүрген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Дархан Бекбулатовтың дер кезінде және шешімді түрде жасаған іс-әрекеттерінің арқасында барлық отбасы мүшелері аман қалды, ал материалдық шығын барынша азайтылды. Оқиға орнына келген өрт сөндіру тобы өртті толық сөндірді. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жылу пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған.
Құтқарылған отбасы өздерін аман алып қалған офицерге шын жүректен алғыстарын білдірді.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және басқа да азаматтарға қызметтік борышын атқару, адамдарды құтқару, қоғамдық тәртіпті сақтау және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін табысталады.
Дархан Бекбулатовтың ерлігі – қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қоғамға қызмет ету, көмекке келуге әрдайым дайын екенінің жарқын дәлелі. Оның ісі – әріптестеріне үлгі, ал офицер атағының – жай мәртебе емес, шынайы өмірлік ұстаным екенін айғақтайды.