Петропавлда пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған және бас бостандығын шектеу жазасына сотталған адамның жаза өтеуден жалтару әрекетінің жолын кесті.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында инспекторлар электрондық бақылау құралының сигналы жоғалғанын байқаған. Қызметкерлер сотталғанның тұрғылықты жеріне дереу шығып, оны бүлінген білезікпен қаладан тыс жерге шығуға әрекет жасаған кезінде ұстады.
Кейін белгілі болғандай, ер адам достарымен басқа қалаға бармақ болған.
«Бұған дейін сотталған бірнеше рет тұрғылықты жерін белгіленбеген уақытта тастап, сот жүктеген міндеттерді бұзған. Осыған байланысты пробация қызметінің қызметкерлері бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы материалды сотқа жолдады», – деп хабарлады ҚАЖ департаментінде.
Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 122 сотталғанға әртүрлі құқық бұзушылықтар, соның ішінде электрондық бақылау құралдарын қасақана бүлдіргені үшін, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.