Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №50 мекемесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистия аясында алғашқы сотталған әйел бостандыққа шықты. Ол ҚР қылмыстық кодексінің 108-бабы бойынша сотталған 43 жастағы азаматша.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы» Заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 23 маусымда қол қойған болатын. Бұл құжат кейбір санаттағы сотталғандарға жаза мерзімін қысқарту немесе толықтай босату түрінде жеңілдіктер беруді көздейді.
Аталған әйел 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған еді. Жаңа заң аясында оның жаза мерзімі 7 айға қысқартылып, ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Мекеме қақпасында оны қызы қарсы алды.
Қазіргі таңда өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 1700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Болжам бойынша, олардың шамамен 250-і, оның ішінде 50-ден астамы әйелдер, амнистияға ілінуі мүмкін.
«Әр іс жеке тәртіппен қаралады. Негізінен алғаш рет сотталған, қоғамға қауіп төндірмейтін, сондай-ақ әлеуметтік осал топқа жататын әйелдерге басымдық беріледі», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Аталған амнистия Заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген гуманизм қағидаттарының көрінісі. Бұл құжат сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасап, жаңа өмірді бастауға мүмкіндік береді.