Пробация қызметкері адамдарды өрттен құтқарды

Пробация қызметкері адамдарды өрттен құтқарды

Аққайың ауданында пробация қызметі бөлімінің қызметкерінің іс-әрекетінің арқасында өрт кезінде қайғылы жағдайдың алдын алынды.
2025 жылғы 9 маусымда түнгі сағат 03:00 шамасында Аққайың ауданының Смирново ауылында өрт шықты. Бұл оқиға СҚО бойынша ҚАЖ Департаментінің Аққайың аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы әділет капитаны Дархан Бекбулатовтың батыл қимылдары болмаса, қайғылы аяқталуы мүмкін еді.
Дархан Бекбулатов үйінде болған кезде оқ атылғандай дыбысты естіп, сыртқа шыққанда қою түтінді байқайды. Ол бірден өрттің шыққан жеріне қарай бет алып, оқиға орнына жеткен кезде моншаның жана бастағанын көрді. Монша тұрғын үймен жапсарлас салынғандықтан, жалын негізгі ғимаратқа қарай тарала бастаған болатын.
Әділет капитаны дереу өрт сөндіру бөлімінің диспетчерлік қызметіне нақты мекенжайды хабарлап, өрт сөндірушілер келгенше өз бетінше әрекет ете бастады. Ол үйде ұйықтап жатқан екі кәмелетке толмаған бала, олардың анасы мен бірге тұратын ер адамды оятып, эвакуация ұйымдастырды.
Сонымен қатар, Дархан Бекбулатов өрт шыққан аумақты қоршап, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың жақындауына жол бермей, азаматтардың жарақат алу қаупін болдырмады. Өрт сөндірушілер келгенше жалынды таралудан тоқтату үшін қолда бар құралдарды пайдаланып, өртті ауыздықтауға тырысты.
Дархан Бекбулатовтың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында отбасы мүшелерінің барлығы аман қалып, адам шығынына жол берілмеді, ал материалдық шығын барынша азайтылды.
Оқиға орнына келген өрт сөндіру қызметі жалынды толықтай сөндірді. Өрттің шығуына пеш орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, атап айтқанда, оттан қорғайтын бөліктің сақталмауы себеп болғаны анықталды.
Құтқарылған отбасы өз өмірін сақтап қалған құтқарушыға көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін шын жүректен алғыстарын білдірді.