Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және олардың әлеуметтік тұрғыда орнығуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатқан кешенді стратегия аясында маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, №55 мекемесінен жаза мерзімін толық өтеп, 15 жылдан кейін бостандыққа шыққан азаматты қарсы алу мақсатында мекеме қақпасы алдында арнайы кездесу өтті.
Аталған іс-шараға жергілікті атқарушы және құзырлы орган өкілдері қатысып, босатылған азаматқа жан-жақты қолдау көрсету мәселелері қарастырылды. Кездесу барысында оған әлеуметтік-құқықтық кеңестер беріліп, қажетті құжаттарын қалпына келтіру, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселелерін шешу жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, материалдық көмек көрсету мүмкіндіктері ұсынылып, алғашқы кезеңде тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге жағдай жасалды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтың қоғамға бейімделуіне ықпал ету, оның құқықтық сауаттылығын арттыру, теріс жолға қайта түспеуінің алдын алу және өмірлік ұстанымын оң бағытта қалыптастыру болды. Осы орайда тәрбиелік мәні бар түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамда өз орнын табуына, еңбекке араласуына және заң талаптарын сақтай отырып, толыққанды өмір сүруіне бағыт-бағдар берілді.
Мұндай кешенді қолдау шаралары босатылған азаматтардың қайта әлеуметтенуіне оң әсерін тигізіп, олардың қоғамға сәтті кірігуіне негіз болары сөзсіз.