
«Заң мен тәртіп» республикалық тұжырымдамасы аясында Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Павлодар облысының прокуратурасымен бірлесіп, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің базасында маңызды профилактикалық іс-шара — облыстың жоғары оқу орындарының студенттері мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында телекөпір ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты — жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сананы қалыптастыру, сондай-ақ әрбір азаматтың өз іс-әрекетіне деген жеке жауапкершілігін терең ұғындыру. Ашық әрі еркін диалог форматында қатысушылар заңды сақтау, жазаның бұлтартпастығы және құқыққа қайшы әрекеттердің әлеуметтік салдары мәселелерін талқылады.
Студенттер үшін сотталғандардың сөз сөйлеуі ерекше қызығушылық тудырды. Олар өз өмірлеріндегі қателіктері туралы ашық айтып, заң бұзуға алып келген себептерді және оның салдарын баяндады. Жеке тәжірибелерімен бөлісе отырып, сотталғандар әрбір заңсыз шешімнің тек жеке тұлғаға ғана емес, отбасы мен қоғамға да ауыр салдар әкелетінін атап өтті. Мұндай шынайы әңгімелер жастар үшін маңызды сабақ болып, құқықбұзушылық мәселесіне формалдылықсыз, нақты өмірлік мысалдар арқылы қарауға мүмкіндік берді.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен прокуратура өкілдері бұл форматтағы өзара іс-қимылдың тиімді профилактикалық құрал екенін, жастардың заң бұзушылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға және қоғамда заңға құрмет мәдениетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді, себебі құқықбұзушылықтың алдын алу және жастармен жұмыс — құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.
Кездесу соңында Павлодар облысының прокуратурасы мен Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жастарды заңға баулуға қосқан үлесі, кәсіби қолдауы және белсенді ынтымақтастығы үшін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басшылығы мен ұжымына алғыс білдірді.