
7 сәуір – қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған күніне орай облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға "Қажымұқан" көркем фильмі көрсетілді. Фильм қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен күрескерлік жолын баяндайды. Көркем туындыда оның балалық шағынан бастап спорттағы жетістіктері, түрлі қиындықтарды еңсеруі және туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігі әсерлі түрде бейнеленген. Мұндай мәдени-танымдық іс-шаралардың басты мақсаты – жазасын өтеушілердің рухани дамуына ықпал ету, тарихи санасын қалыптастыру және отансүйгіштік сезімін арттыру. Фильмді тамашалаған сотталғандардың бірі өз әсерімен бөлісіп, туындының терең ой салғанын атап өтті: — Тарихи фильм маған ерекше әсер етті. Қажымұқан атамыздың өмір жолы – қайсарлық пен төзімділіктің айқын үлгісі. Қанша қиындыққа тап болса да, мойымай, алға қойған мақсатына жеткен. Осындай тұлғалардың тағдырымен танысу адамды ойландырып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Бұл бізге де үлкен сабақ болып, алға ұмтылуға жігер береді, – деді ол.