Қарағанды облысында сотталғандарды өндірістік кәсіпорындарда жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысында сотталғандарды өндірістік кәсіпорындарда жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және «Qarmet» акционерлік қоғамымен бірлесіп, сотталғандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында сотталғандар жұмыс беруші аумағында тұрып, еңбек ету мүмкіндігіне ие.

Жұмыс беруші тарапынан сотталғандарға барлық қажетті жағдайлар жасалған: жайлы жатақханаларда тұру, күніне үш мезгіл тамақтану, арнайы киім және тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз ету. Ал құқықтық тәртіптің сақталуы мен қауіпсіздік шараларын өндірістік нысанда тікелей минималды қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері қамтамасыз етеді.

Жобаға қоғамдық қауіптілігі төмен және мінездемесі оң сотталғандар тартылған. Бүгінгі таңда «Qarmet» АҚ өндірістік нысандарында 29 сотталған жұмыспен қамтылды. Бұл бір жағынан кәсіпорынның жұмысшы мамандықтарға деген сұранысын өтеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан сотталғандардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.

Пилоттық кезең 3 айға жоспарланған. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, бұл тәжірибені өңірдегі басқа да кәсіпорындарға кеңейту көзделуде.