
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастамасымен, мемлекет басшылығының тапсырмаларын орындау аясында ҚАЖ-дың №29, 30, 31, 32 және 35 мекемелерінің өндірістік аймақтарына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында қолданыстағы өндірістік қуаттарға кешенді баға беріліп, оларды одан әрі дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері, сондай-ақ жергілікті бизнес-қоғамдастықтың жетекшілері қатысты.
Делегация мүшелері өндірістік цехтардың жай-күйімен, қолданыстағы қуаттармен және шығарылатын өнімнің сапасымен тікелей танысты. Ағаш өңдеу, металл конструкцияларын өндіру және тігін цехтары секілді бағыттар ҚАЖ мекемелерінің өндірістік әлеуетін айқын көрсетті.
Сапардың негізгі мақсаты – әрі қарайғы ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін әзірлеу болды. Негізгі назар төрт маңызды бағытқа аударылды: ҚАЖ мекемелері аумағында қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңа өндірістерді ашу; қолданыстағы заңнама аясында шығарылатын өнімдерді мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз ету; әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестиция салуға дайын бизнеске қолдау көрсетудің тиімді тетіктерін әзірлеу; еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, сотталғандарды кәсіби оқыту жүйесін дамыту.
Сотталғандарды еңбекпен қамту тек экономикалық ресурс ретінде ғана емес, сонымен қатар тиімді ресоциализация құралы ретінде қарастырылады. Кәсіби дағдыларды меңгеру, нақты өндірістік үдеріске қатысу және өз еңбегінің қоғамға қажет екенін сезіну – бостандыққа шыққаннан кейін табысты бейімделудің негізі.