
Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының шақыртуы бойынша жастар арасында үгіт-насихат бағытындағы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Қылмыстық-атқару жүйесі саласының өкілдері қатысып, болашақ талапкерлерге академияда білім алу және қызметке орналасу мүмкіндіктері жөнінде кең көлемде ақпарат берді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарды құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру, Қылмыстық-атқару жүйесі саласының маңызын түсіндіру және Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсу тәртібі туралы жан-жақты мәлімет беру болды.
Іс-шара барысында академияда оқытылатын білім беру бағдарламалары, оқу тәртібі, курсанттардың күнделікті өмірі, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі қызметке орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар ҚАЖ органдарында қызмет ету – тәртіпті, жауапкершілікті және кәсіби дайындықты талап ететін абыройлы міндет екені ерекше атап өтілді.
Үгіт-насихат жұмысы барысында жастардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру, Отанға адал қызмет ету, заңдылық пен тәртіпті сақтау сияқты құндылықтарды насихаттауға басымдық берілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала өкілдерінен нақты әрі толық жауап алды.