
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласы бойынша ҚАЖД №2 мекемесінің қызметкерлері Аршалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Аршалы кентіндегі аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Іс-шара аясында балаларға мекемеде жазасын өтеп жатқан және мекеме аумағындағы шағын және орта бизнес өндірістерінде еңбек ететін сотталғандар дайындаған сыйлықтар табысталды.
Сотталғандар ерікті түрде қолөнер бұйымдарын жасап, балаларға арнап домбыралар, суреттер салынған дамытушы текшелер, телефонға арналған тіреуіштер, сандықшалар, жеміс салатын себеттер мен жиһаздар әзірледі. Барлық сыйлық ерекше ықылас пен балаларға деген қамқорлықпен дайындалды.
Шараны өткізуге мекеме аумағында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен ЖШС басшылары да айтарлықтай қолдау көрсетті. Олар ойыншықтар жасауға қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, сыйлық қоржындарын жеміс-жидек, шырын және тәттілермен толықтыруға демеушілік көмек көрсетті.
Ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы Аршалы кентінің тұрғындары тарапынан жылы қабылданып, оң пікірлерге ие болды.