
Мұрат Нұрғазинмен ҚАЖ қызметкерлерінің кездесу кеші өтті
Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері үшін Мұрат Нұрғазинмен тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұражайында өтті.
Кездесу алдында жас қызметкерлерге «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» қағидаты негізінде мұражай экспонаттары таныстырылып, ішкі істер органдарының қалыптасу және даму жолы туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Кездесу барысында құрметті қонақ өз өмір жолы, кәсіби тәжірибесі, спорттағы жетістіктері және елге қызмет етудің маңыздылығы жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Қызметкерлер еркін форматта сұрақтар қойып, пікір алмасты. Тағылымды басқосу жас мамандарға рухани серпін беріп, қызметке деген жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімді арттыруға ықпал етті.
Шараға ішкі істер саласының ардагерлері де қатысып, Астана қаласы ҚАЖ департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер қызметі полковнигі Джамалов Жаңаөмір Кенжебайұлы сөз сөйледі.
Кеш соңында №64 мекемесінің әділет сержанты Сағынбайұлы Ербол қазақтың қара домбырасымен Жұмыр қылыш күйін орындап, құрметті қонаққа тарту етті.
Осындай мазмұнды әрі тағылымы мол кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.